«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Басты ақпарат

Қытайдан көлік алған қазақстандықтардың шоттары неге бұғатталып жатыр?

Қытайдан көлік алған қазақстандықтар қиын жағдайға тап болды. Қолжетімді бағаға көлік мінген тұрғындардың шоттары аяқ астынан бұғатталып, оларға миллион теңгеге жуық қарыз жазыла бастаған. Айтуларынша, олар барлық төлемді уақытында төлеп, көліктерін заңды түрде кедендік рәсімдеуден өткізген.

Алматылық Нариман Сәндібек – зардап шеккендердің бірі. Ол былтыр Қытайдан BYD Destroyer 05 супер-гибрид көлігін 7,5 миллион теңгеге сатып алған. Көлік кеденнен өтіп, мемлекеттік тіркеуге қойылған. Бір жыл бойы еш қиындықсыз пайдаланып жүрген кезде оның жеке кәсіпкерлік шоты кенеттен бұғатталады.

«Маған ешқандай ескерту келген жоқ. Салық органына барсам, “кеденге тағы 1 миллион теңге төлеуіңіз керек” деді. Мен көлікті рәсімдеген кезде барлық заңды төлемді толық өтедім. Енді қосымша қарыздың қайдан шыққанын түсінбеймін», – дейді ол.

Осындай жағдайға тап болғандар ел бойынша шамамен 5 мың адамға жуық. Көлік иелері жеңілдік алу үшін барлық қажетті құжатты өткізіп, арнайы тексеруден өткендерін айтады.

«Арнайы мамандар көлікті тексеріп, барлық құжатты қарап шықты. Содан кейін ғана бізге ПКР берілді. Сол құжат негізінде көліктер кеденнен нөлдік баж салығымен өтті», – дейді Алматы тұрғыны Жасұлан Әбуғалиев.

Ал Дәулет Әшімхан бұл шешімнің кейін өзгергеніне наразы.

«Құжаттың жарамдылық мерзімі 2027 жылға дейін еді. Бірақ кейін “қате рәсімделген” деп, кері күшпен айыппұл сала бастады», – дейді ол.

Ал Мемлекеттік кірістер департаменті жүргізушілердің көліктерді кедендік баж төленбейтін кодпен рәсімдегенін мәлімдеді.

«Кедендік бақылау барысында заңбұзушылық белгілері анықталды. Әр тауардың өз коды болады. Кей кодтарға жеңілдік қарастырылған, ал кейбіріне баж салығы салынады. Бұл көліктерге баж төленбейтін код қолданылған», – деді Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Ержан Шадыров.

Алайда көлік иелері жауапкершілік өздеріне жүктелмеуі керек деп есептейді. Себебі бастапқыда барлық құжат мемлекеттік органдар тарапынан мақұлданып, көліктер ресми түрде тіркелген. Олар бұғатталған шоттарды ашып, негізсіз есептелген қарыздарды алып тастауды талап етіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда АЭС құрылысы қашан басталатыны белгілі болды

Қазақстан бюджет тапшылығын жабу үшін 600 миллион доллар қарыз алайын деп отыр

Бесқонақ жайлы білесіз бе?

Redaktor Shyn-Ar