Әлеуметтік желіде өзін Галина Лисс деп таныстырған TikTok қолданушысының видеосы көпшіліктің назарын аударды.
Бейнежазбада әйел дүкен қызметкерінен орыс тілінде сөйлеуді талап етіп, «Орысша жауап бер, біз қазақша түсінбейміз» деп бірнеше рет ескерту жасағаны көрінеді. Ал қызметкер сабыр сақтап, дауға араласпай, қызметін жалғастырған.
Видео жарияланғаннан кейін желі қолданушылары екіге жарылды. Көпшілік тұтынушының әрекетін сынға алып, мұндай талаптың қоғамдағы келісімге кері әсер етуі мүмкін екенін жазды. Кейбір пайдаланушылар құқықтық баға беруді және жауапкершілік мәселесін көтерді.
Сонымен қатар, көпшілік дүкен қызметкерінің сабырлылығы мен кәсіби ұстанымын жоғары бағалап, арандатуға ермегенін атап өтті.
Әзірге оқиғаға қатысты уәкілетті органдар немесе бейнежазбада көрсетілген сауда орны ресми түсініктеме берген жоқ.
