«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлемӘлеумет

Ресейдегі жанармай тапшылығы Қазақстанның азық-түлік нарығына әсер етуі мүмкін

Ресейдің 35 өңірінде байқалған жанармай тапшылығы егін жинау науқанына қауіп төндіріп отыр. Сарапшылар бұл жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін айтып, оның салдары Қазақстан нарығына да ықпал етуі ықтимал екенін ескертеді.

Жанармай дағдарысы ең алдымен жүк тасымалы мен логистика саласына әсер етуі мүмкін. Автокөлік арқылы тасымалданатын жүктердің қымбаттауы мен жеткізілімнің баяулауы қаупі бар. Сонымен қатар, егін жинау жұмыстары дизель отынына тікелей тәуелді болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласы да тәуекелге ұшырайды.

«Ұлағат консалтинг групп» ЖШС директоры Марат Қайырленовтің айтуынша, кез келген тапшылық өндіріс көлеміне және бағаға тікелей әсер етеді. Оның сөзінше, бұрын Ресейде картоп тапшылығы кезінде Қазақстанда да баға бірнеше есе өскен.

Сарапшылар Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз экономикалық байланыс пен еркін сауда режимі жағдайында кейбір тауарлар Ресей нарығына көбірек бағытталуы мүмкін екенін айтады.

R-FINANCE қаржы кеңесшісі Арман Байғанов жеткізілімдегі қиындықтар тек саудаға емес, ішкі өндіріс процесіне де әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан кейбір азық-түлік өнімдерін әлі де импорттайды, ал ауыл шаруашылығындағы өнімділік барлық өңірлерде бірдей жоғары емес.

Сарапшылардың пікірінше, ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге басымдық берілуі тиіс. Дегенмен экспортты толық шектеу де дұрыс шешім емес, себебі ол фермерлердің табысына әсер етеді.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, тамыз-қыркүйек айларындағы егін жинау кезеңінде дизель отынының жеткілікті қорын қамтамасыз ету маңызды. Оның пікірінше, ішкі тұтынушыны қорғау басты назарда болуы керек.

Әзірге ықтимал дағдарыстың нақты ауқымын болжау қиын. Дегенмен сарапшылар Қазақстанның азық-түлік пен жанармай бағасының өсуі сияқты түрлі сценарийлерге дайын болуы қажет екенін айтады.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі АИ-92 бензинін Қырғызстанға заңсыз экспорттаған қылмыстық топтың әрекетін әшкерелеген болатын. Тергеу мәліметінше, жанармай мұнай-химия өнімі ретінде рәсімделіп, 190 мың тоннадан астам отын шетелге шығарылған. Заңсыз айналым көлемі 37,2 млрд теңгеден асқан. Іс бойынша 9 адам сотқа тартылды.

Ұқсас жаңалықтар

ҰЛТ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ СӨЗ БОЛДЫ

“АЛТЫН ОРДА” БАЗАРЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ҚЫМБАТ БАҒАМЕН САТҚАН 7 КӘСІПКЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІ ТОҚТАТЫЛДЫ

Алматы облысында 32,5 млрд теңгеге биофармацевтикалық зауыт салынады