«Шын-Ар» ақпараттық порталы
әскерБасты ақпарат

Әскерде ауыр жарақат алған сарбаз Ербаян Мұхтар көз жұмды

Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жүрген кезінде ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен Ербаян Мұхтар ұзақ уақыт өмір үшін күрестен кейін қайтыс болды. Бұл туралы оның адвокаты Инга Иманбай хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, Ербаянның ата-анасына ауруханадан қоңырау шалынып, оның жүрегі тоқтап қалғаны туралы хабарланған.

«Ербаянның ата-анасы жарты сағат бұрын хабарласты. Оларға ауруханадан қоңырау шалып, оның жүрегі тоқтағанын айтқан. Біз екі жыл бойы Ербаянның өмірі үшін күрестік. Қазір қандай күйде екенімді сөзбен жеткізу қиын», – деді Инга Иманбай.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі де Ербаян Мұхтардың қайтыс болғанын растады.

Министрліктің мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалуға бар күшін салған. Алайда аса ауыр жарақат пен бас миында болған қайтымсыз өзгерістер оның өмірімен үйлеспейтін жағдайға алып келген.

Ербаян 2023 жылдан бері әскери қызмет барысында алған ауыр бас-ми жарақаты салдарынан өте ауыр жағдайда болған. Жүргізілген емдеу және реанимациялық шараларға қарамастан, оның жағдайы жақсармаған. 2026 жылдың маусым айында негізгі сырқатына инфекциялық асқынулар, сепсис және көптеген ағзалардың жеткіліксіздігі қосылған.

2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та дәрігерлер оның биологиялық өлімін тіркеді. Ресми мәлімет бойынша, өлімнің негізгі себебі – ауыр бас-ми жарақатының салдары мен соған байланысты дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік.

Министрлік Ербаянның заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада жатқанын, қажетті ем-дом мен күтімнің толық көлемде көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ туыстарының науқасқа кіруіне барлық жағдай жасалған.

Еске салсақ, Ербаян Мұхтар әскери бөлімде жарақат алғаннан кейін ұзақ уақыт комада жатты. Анасының айтуынша, әскери бөлімде оған қысым көрсетілген. Сонымен қатар, ата-анасының рұқсатынсыз ота жасалып, миының бір бөлігі алынғаны туралы да айтылған еді.

Ербаянның еміне қолдау көрсету мақсатында қазақстандықтар 230 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Кейін ол Түркияда ем қабылдап қайтқан болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда үшінші ұлттық валюта пайда болды

Redaktor Shyn-Ar

Алматы әкімінің экс-орынбасары Ержан Бабақұмаров қайғылы жағдайда қаза тапты

Қазақстанда қайтыс болғандар мен шетелдіктерге 21 млрд теңге зейнетақы төленген