«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

ЖАН ТАЗАЛЫҒЫ – ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТТЕН БАСТАЛАДЫ

Қазіргі қоғам – үздіксіз өзгеріс пен жаңғыру үдерісіндегі кеңістік. Жаһандану мен урбанизацияның қарқыны артқан сайын адам баласының жауапкершілік жүгi де салмақтана түсуде. Бүгінгі таңда отансүйгіштік ұғымы бұрынғыдай тек тарихи немесе әскери ерлікпен шектелмей, әр азаматтың күнделікті өмірдегі іс-әрекетімен өлшенетін кең мағынаға ие болды. Өз ісіне адал болу, қоғам игілігіне үлес қосу, әділдік пен адамгершілікті ту ету – қазіргі заман патриотизмінің басты өлшемдері.

Осы тұрғыда қоғамда азаматтық сананы қалыптастыру, жастардың жауапкершілік мәдениетін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан ұйымдардың бірі – «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Ұйымның негізгі миссиясы – жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастырып, белсенді азаматтық ұстанымы бар тұлға тәрбиелеуге ықпал ету. Бүгінде бұл бастама қоғам дамуына серпін беріп, көптеген маңызды кездесулер мен тағылымды шаралардың өтуіне ұйытқы болып отыр.

Сол игі бастамалардың бірі – «Азаматтық жауапкершілік – мемлекеттің іргетасы» атты тағылымды басқосу. Шараның басты мақсаты – жастар арасында азаматтық сана мен қоғамдық жауапкершілік түсінігін тереңдету, ел болашағына бейжай қарамайтын тұлға қалыптастыру.

Іс-шараға АЭК және ЕТЭК колледждерінің студенттері қатысты. Жиынның мазмұнын байытқан негізгі спикер – «Сенімен болашақ» РҚБ-ның Алматы филиалының директоры, журналист Меруерт Мәулетқызы болды. Ал кездесудің шымылдығын ЕТЭК колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шынар Құстайқызы ашып, азаматтық құндылықтардың қоғамдағы орнына тоқталды.

Кездесу барысында спикер азамат пен қоғам арасындағы өзара байланысты терең талдап, азаматтық ұстанымның мәнін кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, нағыз азаматтық сана тек құқықты білу емес, ең алдымен өз міндетін сезіне білу арқылы қалыптасады.

– Қоғам – адамның өмірлік ортасы ғана емес, оның тағдыры қалыптасатын кеңістік. Сондықтан қоғамға пайда тигізу – әр адамның ішкі борышы. Азаматтық сана – өз құқығыңды білу ғана емес, сол құқықпен қатар міндетіңді де ұғыну. Ал ең басты міндет – айналаңа жақсылық жасау. Бұл тек материалдық көмекпен шектелмейді. Жылы сөз, қолдау көрсету, қоршаған ортаны аялау, қоғамдық іске белсенді араласу – мұның бәрі азаматтық мәдениеттің айқын көрінісі, – деді Меруерт Мәулетқызы.

Жиын барысында ұстаздар қауымы да жастарға бағыт-бағдар беріп, азаматтық жауапкершіліктің тұлға қалыптасуындағы маңызына тоқталды. Олар қоғамға бейжай қарамайтын, белсенді ұрпақ тәрбиелеудің өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар басқосу үстінде ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының адамгершілік, білім және парасат туралы тағылымды ойлары тілге тиек етіліп, студенттермен еркін пікір алмасу өрбіді. Жастар өз ойларын ортаға салып, қоғам алдындағы жауапкершілік жөнінде тұщымды тұжырымдарымен бөлісті.

Шараны ұйымдастыруда және осындай мазмұнды кездесулерді жүзеге асыруда «Сенімен Болашақ» РҚБ-ның үлесі ерекше. Ұйым бүгінгі таңда тек пікір алаңы ғана емес, жастардың азаматтық мәдениетін қалыптастыратын, олардың рухани дамуына жол ашатын маңызды қоғамдық институтқа айналып отыр. Мұндай бастамалар жас ұрпақтың қоғамға бейжай қарамайтын белсенді азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Шара соңында қатысушылар азаматтық жауапкершілік – әр адамның жүрек түкпірінде қалыптасатын ар алдындағы міндет екенін түйіндеді. Қоғамның дамуы да, елдің ертеңі де осы жауапкершілікті терең сезінген ұрпақпен тікелей байланысты екені баса айтылды.

Бифат Елтаева

Ұқсас жаңалықтар

АЭС-ке қарсы шыққан белсенділер 4 жылға бас бостандығынан айырылды

«Бәйтерек» жобасы іске қосылуда: алғашқы ұшырылым желтоқсанға жоспарланған

Халыққа тегін берілетін 3 500 дәрінің 20-сына қауіпсіздік стандартына сәйкессіздік анықталды