Ford компаниясы автокөлік әзірлеу мен өндірісті шамадан тыс автоматтандыру салдарынан кеткен кемшіліктерді жою үшін бұрын жұмыстан кеткен тәжірибелі инженерлерін қайта қызметке шақырды.
The Verge басылымының мәліметінше, мұндай шешім компанияның J.D. Power рейтингінде соңғы 16 жылда алғаш рет автокөліктердің бастапқы сапасы бойынша көш бастағанынан кейін қабылданған.
Ford-тың автомобильдік инженерия жөніндегі вице-президенті Чарльз Пунның айтуынша, компания жасанды интеллект пен жаңартылған жобалау талаптары сапалы өнім шығаруға жеткілікті болады деп есептеген. Алайда бұл тәсіл өзін ақтамаған.
«Біз жасанды интеллектіні енгізіп, жобалау талаптарын өзгерту арқылы ғана сапалы өнім аламыз деп ойладық. Бұл – қате шешім болды», – деді ол.
Белгілі болғандай, тәжірибелі инженерлердің көбі өз білімін автоматтандырылған жүйелерге толық енгізіп үлгермей компаниядан кеткен. Соның салдарынан Ford бұрынғы қызметкерлерін қайта шақырып, олардың тәжірибесін жүйелерге енгізуге және жас мамандарға үйретуге кірісті.
Жалпы компания 350-ден астам тәжірибелі инженерді қайта жұмысқа қабылдап, кейбірінің қызметін жоғарылатқан.
Соңғы жылдары Ford өнім сапасына қатысты бірқатар қиындыққа тап болды. Компания көліктерді кері қайтарып алу көрсеткіші бойынша саладағы көшбасшылардың бірі саналады. Бұған Explorer мен Aviator модельдерін нарыққа шығару кезіндегі қиындықтар, пандемия кезеңіндегі жеткізу тізбегінің үзілуі және сервистік науқандар санының артуы әсер еткен.
