Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанға алма импортын уақытша шектеуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыз бен 31 желтоқсан аралығында елге алма әкелуге тыйым салу жоспарланып отыр. Шектеу автомобиль, теміржол және су көлігі арқылы жеткізілетін өнімдерге қатысты болады.
Тыйым Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттерден және үшінші елдерден импортталатын алмаларға да қолданылады. Алайда Қазақстан аумағы арқылы жүзеге асырылатын транзиттік тасымалдарға бұл талап қолданылмайды.
Министрліктің мәліметінше, аталған шара отандық алма өндірушілерін қолдау және олардың өнімін ішкі нарықта тұрақты өткізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында ұсынылып отыр.
Құжат 2026 жылғы 5 маусымда өткен Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі негізінде әзірленген. Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 8 шілдеге дейін жалғасады. Құжат қабылданған жағдайда, шектеу 2026 жылғы 1 тамыздан бастап күшіне енеді.
