Референдумға қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін екі қазақстандық пен бір ұйымға айыппұл салынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, референдумға байланысты қоғамдық сауалнамалар арнайы талаптарға сай жүргізілуі керек. Сауалнаманы тек Қазақстанда ресми тіркелген, кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар ғана өткізе алады. Олар бұл туралы алдын ала Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жазбаша түрде хабарлауы тиіс.
Ал БАҚ пен онлайн-платформалар сауалнама нәтижесін жариялаған кезде міндетті түрде бірнеше ақпаратты көрсетуі керек: сауалнаманы кім жүргізді, кім тапсырыс берді, қашан және қалай өткізілді, қанша адам қатысты және қателік деңгейі қандай.
Сонымен қатар дауыс беруге бес күн қалғанда және дауыс беру күні сауалнама нәтижелерін жариялауға тыйым салынады. Дауыс беру учаскелерінде де сауалнама жүргізуге болмайды.
Қазірге дейін 4 заң бұзушылық анықталған. Оның үшеуі – референдумға қатысты заңсыз сауалнама жүргізу, біреуі – нәтижелерді талапқа сай деректерсіз жариялау.
Осы деректер бойынша екі азамат пен бір заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеке тұлғаларға 15 АЕК (64 875 теңге), ал ұйымға 30 АЕК (129 750 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
Бас прокуратура азаматтар мен ұйымдарды референдум кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
