Қазақстанда балалардың білім алуына арналған AQYL жинақ салымының сыйақы мөлшерлемесі қайта қаралды. 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап депозит бойынша банк сыйақысы жылдық 13,4 пайыз деңгейінде белгіленді. Ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 14,25 пайыздан басталады. Бұл туралы «Отбасы банк» баспасөз қызметі хабарлады.
AQYL — баланың болашақтағы білім алуына қажетті қаражатты алдын ала жинауға арналған арнайы салым. Жиналған қаражатты Қазақстандағы және шетелдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу ақысын төлеуге пайдалануға болады. Ата-аналар баласы оқуға түскенге дейін депозитті кезең-кезеңімен толықтырып, қажетті соманы жинай алады.
Банк сыйақысынан бөлек, AQYL салымына жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы есептеледі. Оның мөлшері 5 пайызды, ал жекелеген басым санаттарға жататын салымшылар үшін 7 пайызды құрайды. Осылайша, салымдағы жинақ банк сыйақысы мен мемлекеттік сыйлықақы есебінен ұлғайып отырады.
AQYL бойынша жинақталған қаражатты елдегі және шетелдегі колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу ақысын төлеуге жұмсауға болады. Депозит қаражаты арнайы қорғалған, оны бұғаттауға болмайды. Сонымен қатар салым Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған.
AQYL ұзақ мерзімді жинақтауға арналғандықтан, ата-аналар баласы оқуға түскенге дейін қажетті соманы қалыптастыру үшін депозитті тұрақты түрде толықтырып отырғаны жөн.
Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы төлемдер көлемі алдағы уақытта өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.
