«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

«Жаңа адамдар, жаңа есімдер пайда болды»: Ерлан Қарин депутаттыққа үміткерлер туралы пікір білдірді

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Астанада өткен «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.

Instagram парақшасында жазба жариялаған Қариннің айтуынша, съезде партияның сайлауалды бағдарламасы мен депутаттыққа кандидаттардың тізімі бекітіліп, бірқатар өзекті мәселелер талқыланған.

«Мен де съезге қатысып, оның шешімімен партиялық тізімге енгізілдім. Бұл мен үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. «Әділет» партиясы алдағы сайлауға президенттік реформаларды қолдайтын және оларды жүзеге асыруға дайын кандидаттармен қатысып отыр. Сайлауға қатысатын жеті саяси партияның ішінде ең көп кандидат ұсынған – «Әділет» партиясы. Партиялық тізімге 186 үміткер енгізілді», – деді Қарин.

Оның айтуынша, биылғы кандидаттар тізімінің басты ерекшелігі – әйелдер мен жастардың үлесінің артуы. Партиялық тізімге 71 әйел енгізілсе, 15 кандидат Президенттік жастар кадр резервінің өкілдері.

Сондай-ақ тізімге еліміздің барлық өңірінен және түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар енген. Қариннің сөзінше, кандидаттар арасында Ұлттық құрылтайдың бұрынғы 31 мүшесінің болуы да ерекше мәнге ие.

«Олардың барлығы – елге белгілі әрі құрметті тұлғалар. Бес жыл бойы біз Ұлттық құрылтай құрамында бірге жұмыс істедік. Осындай әріптестермен бір командада болу – мен үшін үлкен мәртебе. Бүгінде әйелдер мен жастардың саяси үдеріске қатысуы айтарлықтай артты. Жаңа адамдар мен жаңа есімдер пайда болды. Бұл Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-саяси жаңғырту бағытының нақты нәтижесі», – деп жазды Ерлан Қарин.

Ұқсас жаңалықтар

Еңбек қауіпсіздігі цифрлық жүйеге көшетін болды

Redaktor Shyn-Ar

«7-20-25» бағдарламасы: Алаяқ Instagram арқылы 25 адамға «баспана әперемін» деп алдап соқты

Мемлекеттік шығындар қысқарады: Қай салалар үнемдеуге түседі?