2025 жылғы мамырда үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бостандыққа шықты. Бұл ақпаратқа Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді.
Комитеттің мәліметінше, соттың шешімімен Қожағапановтың өтелмеген бас бостандығынан айыру жазасының қалған бөлігі айыппұл төлеу жазасына ауыстырылған.
«Жазаны ауыстыру, шартты түрде мерзімінен бұрын босату және сот үкімін орындауға қатысты өзге де мәселелер бойынша материалдарды қарау мен шешім қабылдау сот органдарының құзыретіне жатады», – деп хабарлады Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Еске салайық, 2025 жылы Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова 2018 жылы Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына арналған көрмені ұйымдастыру кезінде бюджет қаражатын заңсыз жұмсауға байланысты іс бойынша сотталған болатын.
Қожағапановқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабы («Ауыр зардаптарға әкеп соқтырған лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану»), ал Көккөзоваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылды.
Сот үкімімен Ерлан Қожағапанов үш жылға бас бостандығынан айырылып, белгілі бір мерзімге басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік наградаларынан айырылып, қамауда болған уақыты жалпы жаза мерзіміне есептелді.
