«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Қазақстанда алғаш рет жолды сапасыз тазалағаны үшін адам сотталды

Қазақстанда алғаш рет автожолды қыс мезгілінде талапқа сай күтіп ұстамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамға сот үкімі шықты. Маңғыстау облысындағы қайғылы жол апатына қатысты істі Бейнеу аудандық соты қарады.

Оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда республикалық маңызы бар «Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау» автожолында болған. Көктайғақ кезінде Yutong маркалы жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылған.

Жол апаты салдарынан 5 адам қаза тауып, тағы 14 жолаушы түрлі деңгейдегі жарақат алған.

Қылмыстық істі Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары тергеді. Тергеу барысында апаттың негізгі себебі автожолдың қысқы кезеңде талапқа сай күтіп ұсталмауы болғаны анықталған. Сондай-ақ жауапты тұлғаның әрекетсіздігі мен адам өлімі арасындағы тікелей себеп-салдарлық байланыс дәлелденген.

Прокуратураның мәліметінше, бұл – Қазақстанның сот тәжірибесінде жолды қысқы күтіп ұстау талаптарын сақтамау салдарынан адам өліміне әкелгені үшін шығарылған алғашқы үкім.

Сот шешімімен «ҚАЖсервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол пайдалану учаскесінің (ДЭУ-57) бастығы Қылмыстық кодекстің 353-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Аталған бап көлік саласында қолданылатын ережелерді бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты қолданылады.

Сот үкімімен айыпталушы 2 жыл 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Ұқсас жаңалықтар

100 мұғалімге грант берілетін болды

Казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық іс қозғала ма?

АҚШ пен Иран арасындағы келісімнен кейін мұнай бағасы төмендеп кетті