«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратҚоғам

«Борат» дауы: 7DAYS режиссер Илья Лучкинмен ынтымақтастықты тоқтатты

Қазақстанда кеңінен танымал 7DAYS бренді ресейлік режиссер Илья Лучкинмен арадағы ынтымақтастықты тоқтатқанын мәлімдеді. Компания бұл шешім режиссердің Қазақстан туралы айтқан пікірлерінен кейін қабылданғанын хабарлады.

Компанияның ресми мәлімдемесінде ұлтқа, мәдениетке немесе шыққан тегіне байланысты кез келген кемсітушілік пен құрметсіздікке жол берілмейтіні атап өтілген.

«7DAYS ұлттық ерекшелігіне, мәдениетіне немесе шыққан тегіне қарамастан адамдарға қатысты ұлттық араздықты, кемсітушілікті және құрметсіздікті қолдамайды. Бұл біздің брендтің құндылықтарына қайшы келеді», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ компания режиссердің әлеуметтік желідегі жарияланымы оның жеке көзқарасы екенін және брендтің ресми ұстанымын білдірмейтінін жеткізді.

«Мұндай пікірлер біздің құндылықтарымызға сәйкес келмейді. Осыған байланысты режиссермен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдадық», – деп мәлімдеді компания.

Бұдан бөлек, 7DAYS Қазақстан тұрғындарынан кешірім сұрап, болған жағдайға өкініш білдірді.

«Бұл жағдайдың орын алғанына және Қазақстан тұрғындарының көңіліне тиген болуы мүмкін екеніне шын жүректен өкінеміз. Алдағы уақытта да барлық жобамызда өзара құрмет, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ұстанамыз», – делінген мәлімдемеде.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік блогер әрі режиссер Илья Лучкин Қазақстанда 7DAYS круассандарының жарнамасын түсіру барысында ел туралы алғашқы түсінігі «Борат» фильмі арқылы қалыптасқанын айтқан болатын. Кейін Қазақстанға келгеннен кейін заманауи қалаларды, электромобильдерді және елдің даму деңгейін көріп таңғалғанын мәлімдеген.

Режиссердің бұл пікірі әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, сынға ұшырады. Көпшілік басқа мемлекетке жұмыс істеуге келген маман сол ел туралы шынайы әрі объективті ақпаратқа сүйенуі қажет екенін айтып, халықаралық брендтерді қазақстандық режиссерлер мен креативті мамандармен жиірек жұмыс істеуге шақырды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда соңғы қоңырау қай күні соғылады?

Redaktor Shyn-Ar

Қазақстанда ана өлімі 35%-ға азайды – ДСМ

Санаулы күн қалды: ІІМ өкілі мопедтерді тіркеудің жаңа талаптары туралы айтты