«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

Қазақстанда мектеп пәндерінің атауы өзгереді

Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні оқытуға бағытталған өзгерістер енгізілуде. Осыған байланысты бірқатар пәндердің атауы жаңартылып, оқу бағдарламаларына 43 жаңа оқу мақсаты қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

Министрлік 2025 жылы қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң мен 2026 жылғы Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламалары қайта қаралғанын мәлімдеді.

Жаңашылдыққа сәйкес, 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп өзгертіледі.

Жаңартылған бағдарламаларда оқушылардың жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдануына басымдық берілген. Бастауыш сыныптарда балалар жасанды интеллект туралы алғашқы түсінік алып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау негіздерін меңгереді.

5–9-сыныптарда оқушылар жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану, дұрыс сұраныс құру, нәтижелерді сыни бағалау, киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын үйренеді.

Ал 10–11-сыныптарда машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері оқытылады.

Министрліктің мәліметінше, жаңартылған бағдарламалар өткен оқу жылында сынақтан сәтті өтіп, сарапшылардың оң бағасын алған. Қазір оларды ресми бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мұғалімдерге жасанды интеллектіні оқу процесінде тиімді әрі қауіпсіз қолдануға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.

Бұдан бөлек, мектептерде «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында жаңа оқу курстарын енгізу жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекеттік тілдің қолданысын арттыруға бағытталған республикалық курс өтті

Redaktor Shyn-Ar

Алматыда бойжеткен ҚазҰУ ректоратының 14-қабатынан секіріп кеткен

Алматыдағы студенттік өмір: еркіндік пен есептің арасындағы таңдау

Redaktor Shyn-Ar