Іздеудегі Қайсар Қамза әуежайда күзетпен көзге түсті
Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза әуежайда құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ұқсайтын адамдардың бақылауымен жүрген сәтте көзге түсті. Бұл туралы журналист Михаил Козачков хабарлады.
Желіде тараған суреттерге қарағанда, блогер Вьетнамнан келген болуы мүмкін. Алайда оның Қазақстанға жеткізілгені туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Қайсар Қамзаға 2026 жылдың қаңтарында халықаралық іздеу жарияланған. Тергеу мәліметінше, Instagram-да 2 миллионнан астам оқырманы бар блогер Қазақстанда тыйым салынған онлайн-казиноны 400 мыңнан астам жазылушысы бар жабық Telegram-арнасы арқылы жарнамалаған.
Тергеу барысында блогерден шамамен 200 мың АҚШ долларына тең криптовалюталық актив анықталған. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін ол Қазақстаннан кетіп қалған. Биыл сәуір айында Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Вьетнамда ұсталғаны хабарланған болатын.
