«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратБілім

Қазақстанда мұғалімдерді жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдтерге шығару мәселесі қайта көтерілді

Қазақстандық мұғалімдер жұмыстан тыс уақытта түнгі рейдтерге қатысуға мәжбүр екенін айтып, наразылық білдірді. Әлеуметтік желіде тараған жазбада кейбір мектеп басшылығы педагогтерге оқушыларды көшелер мен ойын-сауық орындарынан іздеу міндетін жүктейтіні айтылған.

Бекасыл есімді желі қолданушысы мектептерде мұғалімдерге негізгі міндеттерінен бөлек қосымша жұмыс жүктеу мәселесі әлі де кездесетінін мәлімдеді.

Оның сөзінше, педагогтер түнгі уақытта кафелерді, ойынханаларды, клубтарды және басқа да қоғамдық орындарды аралап, кәмелетке толмаған оқушыларды іздеуге жіберіледі. Желі қолданушысы мұндай міндеттің қаншалықты заңды екенін сұрап, мұғалімдердің негізгі жұмысы білім беру екенін атап өтті.

«Мектеп мұғалімдерінің түнде, жұмыстан тыс уақытта көшеге рейдке шығуы қаншалықты заңды? Кафе, ойынхана, клуб және басқа да орындардан оқушыларды іздеу дұрыс па? Мұғалім көшедегі тәртіпті бақылауы керек пе, әлде оқушыға сабақ беруі керек пе? Меніңше, мұндай рейдтерге мектеп басшылығының заңсыз міндеттеуімен шығады. Мұғалімнің кәмелетке толмаған балалары болса, оларды үйде қалдырып, өзге адамдардың балаларын бақылауға шығуы керек пе?» – деп жазды ол.

Бұл жазба желі қолданушылары арасында да қызу талқыланды. Пікір білдірушілердің кейбірі мұғалімдерге артық міндет жүктеу мәселесі әлі шешілмегенін айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Былтыр мұғалім болып жұмыс істегенде бір рет шыққанмын. Әлі де бар бұл міндет», «Ата-анасы өз балаларына ие болсын», «Полицейлер шықпай ма?» деген пікірлер жазылды.

Тағы бірқатар қолданушы педагогтердің қағазбастылық пен есеп беруден бөлек, негізгі жұмысына қатысы жоқ тапсырмаларды да орындауға мәжбүр болатынына наразылық білдірді.

Желі қолданушыларының пікірінше, мұғалімдердің басты міндеті – оқушыларға білім беру. Ал қоғамдық тәртіпті бақылау мен түнгі рейдтерге қатыстыру мәселесінде педагогтердің құқықтары мен еңбек міндеттерінің сақталуы маңызды.

Ұқсас жаңалықтар

Трамп АҚШ-қа соғыстан қашып келген украиналықтарды еліне қайтармақ

Redaktor Shyn-Ar

1 шілдеден бастап «теңге» сөзінің ресми жазылуы өзгерді

Өлім жазасына кесілген қазақстандық ұзақ жылдардан кейін бостандыққа шығады

Redaktor Shyn-Ar