Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 21 қазандағы бұйрығымен әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Жаңа тәртіпке сәйкес, бейбіт уақытта әскери билеттер әскери қызметке шақырылған, әскери және арнаулы оқу орындарына түскен, сондай-ақ әскери даярлық бағдарламаларын толық аяқтаған азаматтарға беріледі.
Сонымен қатар әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, азаматтық қорғау саласынан белгіленген мерзімді өтеп босатылған азаматтар да әскери билет ала алады.
Құжатта әскери оқу орындарына қабылданған азаматтарға билет рәсімдеу тәртібі нақтыланған. Бұған дейін әскери билет алған-алмағаны Қорғаныс министрлігінің орталықтандырылған жүйесі арқылы тексеріледі.
Сондай-ақ азаматтардың тегі, аты-жөні, туған күні немесе туған жері өзгерген жағдайда әскери билеттегі мәліметтер жаңартылады. Ол үшін өтініш берілгеннен кейін тиісті түзетулер бір сағат ішінде енгізіліп, елтаңбалы мөрмен куәландырылады.
Ал әскери қызмет атқармаған және әскери даярлықтан өтпеген кейбір азаматтарға әскери билеттер жұмылдыру кезеңінде, әскери жағдай кезінде немесе соғыс уақытында беріледі.
Әскери билетті немесе оның телнұсқасын алу үшін азаматтар жергілікті әскери басқару органдарына өтініш тапсыруы қажет.
