Қазақстан мен Сауд Арабиясы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелері бойынша келісімге келді. Келісім аясында қазақстандық азаматтарға қажылық парызын өтеу үшін 4300 орын бөлінді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) хабарлады.
Тараптар қажылық сапарын ұйымдастыру және үйлестіру, сондай-ақ қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар қажылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық талаптарды сақтау және сапар барысында қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
ҚМДБ мәліметінше, қол жеткізілген келісім қажылық рәсімдерін ұйымдастыру жұмыстарын жүйелі жүргізуге және қазақстандық азаматтардың Сауд Арабиясында діни міндеттерін қауіпсіз жағдайда орындауына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, қажылық – ислам дініндегі бес парыздың бірі. Денсаулығы мен қаржылық мүмкіндігі жеткен әрбір мұсылман оны өмірінде кемінде бір рет өтеуі тиіс.
