Алматы қаласы мен облысында хабар-ошарсыз кеткен екі ер адамның мәйіті табылды. Олардың бірі бірнеше күннен кейін анықталса, екіншісі бір жылға жуық уақыт бойы іздеуде болған. Қазір екі жағдай бойынша да марқұмдардың өліміне қатысты мән-жайлар анықталып жатыр.
1985 жылы туған Мұрат Байтуов 17 қарашада із-түзсіз жоғалып кеткен. Ол таңғы уақытта Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласындағы Екінші саяжай аумағында орналасқан «Ветеран-10» ПКСТ, Набережная көшесі, 77-үйдегі мекенжайынан шығып, қайта оралмаған.
Араға бірнеше күн салып, 21 қарашада ер адамның мәйіті табылған. Оның неден қайтыс болғаны әзірге белгісіз. Өлімінің нақты себебі тиісті сараптамалар мен тергеу нәтижесінде анықталмақ.
Тағы бір қайғылы жағдай 1971 жылы туған Қалдыбай Сейсекович Берінбетовке қатысты. Ол 2025 жылғы 8 қарашада сағат 10:00 шамасында Алматы қаласының Алатау ауданындағы Өскемен көшесі, 7-үйден шығып, содан кейін хабар-ошарсыз кеткен.
Еріктілердің хабарлауынша, ер адамның мәйіті биыл 20 қарашада табылған. Осылайша, оны іздеу жұмыстары бір жылға жуық уақытқа созылған. Қазіргі уақытта полиция оның өліміне байланысты жағдайларды тексеріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда із-түзсіз жоғалған Ирина Кернді іздеу жұмыстары да қоғам назарын аударған еді. 20 қыркүйекте жоғалған әйелдің күйеуімен жанжалдасқаннан кейін үйден шығып кеткені хабарланған болатын.
Оны іздеуге еріктілер мен әскери қызметкерлер жұмылдырылып, арнайы үйретілген иттердің көмегімен орман алқаптары, саяжайлар мен зираттар тексерілген. Кейін қала маңындағы шипажай аумағынан әйелдің бөлшектелген дене қалдықтары табылғаны белгілі болды. Бұл іске байланысты күдікті ретінде шипажайда от жағушы болып жұмыс істеген адам аталды.
Марқұмның артында үш баласы қалды. Олардың кенжесі небәрі үш жаста.
