Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыруға қатысатын туроператорлардың тізімін жариялады.
Арнайы комиссияның кешенді әрі салыстырмалы бағалауы нәтижесінде қажылық сапарын ұйымдастыруға төрт туроператор лайық деп танылды. Олар:
- «Атлас Туризм» ЖШС;
- «Нұрхан Тревел» ЖШС;
- «Тауаф Тревел» ЖШС;
- «Хикмет Тревел» ЖШС.
Туроператорларды іріктеу барысында олардың қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастырудағы жыл бойғы қызмет көрсеткіштері мен тәжірибесі, ресми тәртіппен алған туркодтары және тиісті лицензияларының жарамдылығы ескерілді. Бұл мәліметтер «Туристік Қамқор» корпоративті қоры арқылы да тексерілді.
Сонымен қатар үміткер компаниялардың ұйымдастырушылық мүмкіндігі, белгіленген талаптарға сәйкестігі және Сауд Арабиясы тарапының қажылық ұйымдастырушыларына қоятын талаптарды орындауы сараланды.
ҚМДБ мәліметінше, ашық конкурс нәтижесінде іріктеуден өтпеген туроператорлар да заңнамада белгіленген тәртіппен жоғарыда аталған компаниялардың бірімен субагенттік келісім негізінде қажылық сапарларын ұйымдастыруға мүмкіндік алады.
