Алматы облыстық соты Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаевты денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы алғашқы сот шешімінің күшін жойды. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот заң талаптарын өрескел бұзғанын анықтады.
Еске салайық, 17 қарашада Алатау қалалық соты №57 түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырып, Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқастануына байланысты жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босату туралы қаулы шығарған болатын. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.
Шағымды қараған Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы алғашқы сот қаулысының заңсыз екенін анықтады.
Соттың мәліметінше, Көкірекбаевтың денсаулық жағдайы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді.
«Апелляциялық сатыдағы сот істі қарау барысында бірінші сатыдағы сот заң нормаларын өрескел бұзғанын анықтады. Сотталған адамның ауруының ауырлығы жазаны өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді», – делінген сот хабарламасында.
Осылайша, апелляциялық алқа бұрынғы қаулының күшін жойып, түзеу мекемесі әкімшілігінің Кәрім Көкірекбаевты мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енді.
Сонымен қатар сот алғашқы отырысқа қатысқан прокурор мен түзеу мекемесі өкілінің әрекеттеріне құқықтық баға берді. Сот олардың сотталған азаматты мерзімінен бұрын босатуды негізсіз қолдағанын атап өтті.
Осыған байланысты Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне жеке қаулы жолданды. Ал Денсаулық сақтау министрлігіне Көкірекбаевтың жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар деген негізсіз қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау тапсырылды.
Кәрім Көкірекбаев қандай қылмыс үшін сотталды?
Кәрім Көкірекбаев 2025 жылғы 3 шілдеде 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот материалдарына сәйкес, Көкірекбаев «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған кезеңде өзінің орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге мердігер ұйым – «Bazis Construction INFR» ЖШС филиалының директоры Андрей Поплавскийден пара алған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 396 миллион теңге көлеміндегі пара Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарына қатысты орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген. Алайда құжаттарда көрсетілген құрылыс-монтаж жұмыстарының бір бөлігі іс жүзінде орындалмаған.
Нәтижесінде мемлекетке шамамен 1,98 миллиард теңге көлемінде залал келген.
Осылайша, бұрынғы әкімді денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күші жойылып, ол жазасын өтеуді жалғастырады.
