Алматы қаласында KITAP FEST – «КІТАП» мерекесі аясында ерекше форматтағы мәдени шара өтті. Қазақ этнографиясының көрнекті өкілі, марқұм Болат Бопайдың ұлттық мұраны арқау еткен еңбектері алғаш рет Брайль қарпінде және аудио форматта жарық көріп, зағип және нашар көретін оқырмандарға қолжетімді болды.
Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті. Кітапхананың мәжіліс залында өткен тұсаукесерде Болат Бопайдың «Қазақ дастарханы», «Қазақ батасы», «Қазақ дәстүрлері», «Қазақ ырым-ғұрыптары» атты еңбектері таныстырылып, келушілерге арнайы дайындалған Брайль нұсқасы мен МР-3 форматтағы аудиожазбалар ұсынылды.
Кітапхана директоры Асхат Байұзақов шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алып, бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.
– Ұлттық руханиятты зағип жандарға жеткізу – үлкен мәдени әрі әлеуметтік миссия. Болат Бопайдың еңбектері – қазақ халқының тұрмыс-салты мен дүниетанымын танытатын мол мұра. Бұл мұра енді ерекше жандар үшін де қолжетімді болды, – деді ол.
Этнографтың 65 жылдығына орайластырылған бұл кеш аясында «Ерекше жандарға – ерекше кітаптар» атты тақырыптық көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде Болат Бопайдың сирек қолжазбалары, ғылыми жазбалары, фотоқұжаттары мен жеке пайдаланған заттары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Шараға Болат Бопайдың жары Айна ханым мен ұлы Дулат Болатұлы, сондай-ақ қаламдас достары – ақын-жазушы Тұрсынбек Кешубай, әнші-сазгер Серік Бешенұлы, «Қамшы» ақпарат порталының жетекшісі Біләл Қуаныш қатысты. Олар этнографтың адами болмысы мен ғылыми еңбектері жайлы естеліктерімен бөлісті.
Кеш шымылдығын Болат Бопайдың сөзіне жазылған «Алтайым», «Айнам-ай», «Қазақ елі» атты әндер ашты. Бұл әндер көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Ізгілік пен танымға толы кеш этнографтың бай мұрасын жаңа қырынан тануға мүмкіндік беріп, көпшіліктің көңілінде терең әсер қалдырды.