Мемлекет басшысының Каспий теңізінің проблемаларын кешенді зерттеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет резервінен «Каспий теңізі» Қазақ ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ-қа 305 миллион теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бұл қаржы институттың гидробиология, гидрохимия, гидрометеорология және спутниктік мониторинг зертханаларында зерттеулерді тиімді жүргізуге, сондай-ақ оған жүктелген өзге де міндеттерді орындауға бағытталады.
Институт келесі жұмыстарды атқарады:
-
балық қорының көлемін бағалау;
-
сақтау әдістерін әзірлеу;
-
ихтиофаунаны зерттеу;
-
итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау;
-
теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеу және деңгейін бақылау;
-
климаттың өзгеруін талдау;
-
судың сапасы мен биологиялық әртүрлілікті бағалау.
Айта кетейік, Каспий теңізінің Қазақстан аумағындағы жағалауы 2320 шақырымға созылып, бұл көрсеткіш Каспий маңы елдері арасындағы ең ұзын бөлік болып табылады.
