«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратБілім

ҚазҰУ журналистика факультетіндегі дау: төрт ұстаз неге кетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетінде дау туындады. Факультеттің танымал ғалымдары мен профессор-оқытушылары университет басшылығын қысым көрсетіп, өш алды деп айыптап, оқу орнынан кететінін мәлімдеді. Университет әкімшілігі жағдайды заңнамалық нормалар мен конкурстық рәсімдермен түсіндіріп отыр.

Төрт оқытушының мәлімдемесі

Белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері Темірғали Көпбай Facebook парақшасында әріптестері Кәкен Қамзин, Мұрат Шаймаран және Ермахан Шайхының атынан эмоционалды жазба жариялады. Оқытушылардың айтуынша, шешімге университет басшылығының ішкі саясаты мен факультеттегі басқару дағдарысы себеп болған.

Соңғы 5 жылда факультетте 5 декан ауысқан. Бұған дейін қызметінен кеткен лайықсыз кандидатты декан етіп қайта тағайындауға қарсы шыққан ұстаздар «қара тізімге» ілінген деп мәлімдейді.

Ұстаздардың пікірінше, комиссия мен конкурс сағат бермеу мен жұмыстан ығыстырудың сылтауына айналған.

«Осынша ғылым-білім, шығармашылық потенциалын арқалаған профессионалдар неге кетіп барамыз? Азат пікір, еркін ой жоқ жерде даму да жоқ. Бұдан кейін шақырсаңдар да бармаймыз. Осымен сөз бітті! Біз журфактан кеттік!» – деп жазды Темірғали Көпбай.

Жұмыстан кеткен танымал оқытушылар

•  Кәкен Қамзин – филология ғылымдарының докторы, профессор. Журфакта 32 жыл дәріс берген.

•  Темірғали Көпбай – ақын, «Құрмет» орденінің иегері, «Алаш» сыйлығының лауреаты. 12 жылдық тәжірибесі бар ұстаз.

•  Мұрат Шаймаран – ақын, «Алаш» сыйлығының лауреаты. Журфакта 20 жыл еңбек еткен.

•  Ермахан Шайхы – жазушы-сатирик, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. 20 жылдық өтілі бар аға оқытушы.

ҚазҰУ-дың ресми жауабы

Шулы мәлімдемеден кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева университеттің ресми ұстанымын жариялады.

Университет мәлімдемесіне сәйкес, әр оқытушы бойынша шешім заңды негізде қабылданған:

•  Кәкен Қамзин мен Темірғали Көпбайдың еңбек шарттарының қолданылу мерзімі аяқталған.

•  Ермахан Шайхы академиялық біліктілікті анықтау конкурстық комиссиясына қатысудан және бекітілген рәсімнен өтуден өзі бас тартқан.

•  Мұрат Шаймаран талаптарға сәйкестікті бағалау конкурсынан өте алмаған.

ҚазҰУ өкілдері оқытушыларды лауазымға қабылдау мен бағалау жыл сайынғы бекітілген тәртіппен жүзеге асатынын, комиссия олардың ғылыми, педагогикалық және оқу-әдістемелік еңбектерін әділ бағалағанын алға тартты.

Ұқсас жаңалықтар

Жамбыл облысында жер сілкінісі тіркелді

Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың өлімі: туыстары полицияны немқұрайлылық танытты деп айыптады

Ақтөбеде екі баласын тұншықтырып өлтірген әйелге сот үкімі шықты