«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АймақтарАқпаратҚоғам

Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың өлімі: туыстары полицияны немқұрайлылық танытты деп айыптады

Шымкент қаласында 21 жастағы студент қыз Нұрай Серікбайдың қаза табуы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның туыстары қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деп, полиция қызметкерлерін немқұрайлылық танытты деп айыптауда. Аталған дерекке қатысты құқық қорғау органдары тергеу басталғанын мәлімдеді.

Шымкент полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 21 жастағы қыздың өліміне байланысты барлық мән-жайды анықтауға бағытталған жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Марқұмның туыстары ұсынған барлық дәлелдер мен фактілер тексерілуде.

– Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша тиісті құқықтық баға беріледі. Қылмыстық істің тергелу барысы Шымкент қалалық полиция департаменті бастығының жеке бақылауында, – деп хабарлады полиция өкілдері.

Марқұмның жақындарының айтуынша, күдікті Аймахан Шерхан Нұраймен өткен жылдың жаз айында тойда танысқан. Бастапқыда көңіл білдіріп жүрген жігіт кейін қызға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Нұрайдың туыстарының сөзінше, олар полицияға бірнеше рет шағымданғанымен, арыздары қабылданбаған.

– Ол Нұрайды “Мені темір торға қамай алмайсың” деп қорқытқан. Күзгі семестр басталғалы қызымыз бұрынғыдай жайдары болмай қалды. Қыздың да, ата-анасының да қарсылығына қарамастан, күдікті оны Алматыдан Шымкентке күштеп алып келген, – дейді марқұмның жақындары.

Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкент қаласындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Алынған бейнежазбалардан Нұрайдың қашуға тырысқаны, күдіктінің оны ұрып-соғып, пышақ жарақатын салғаны анық көрінеді. Оқиғадан кейін күдікті бой тасалаған.

Нұрай Серікбай ата-анасымен бірге қылмыс орнына жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Ол – отбасының кенжесі, екі ағасы бар. Марқұмның денесі мәйітханадан алынып, Түркістан облысының Төрткөл ауылына жерлеуге жеткізілді.

Қазіргі таңда бұл іс қоғам назарында. Марқұмның туыстары әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің толық жауапқа тартылуын талап етуде.

Ұқсас жаңалықтар

ОПЕК+ мұнай өндірісін арттырады: Қазақстан дайын ба?

Қаңғыбас иттерге қатаң шаралар енгізіледі

Грант ала алмағандарға жаңа мүмкіндіктер: Саясат Нұрбек үмітті үзбеуге шақырды