Қазақстанда мобильді интернет пен ұялы байланыс бағасын төмендетуді талап еткен петиция пайда болды. Ол GosRating.com сайтында жарияланған. Петиция авторы – Усман Асанов. Өтініш Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Цифрлық даму министрлігіне жолданған.
Петиция авторлары ұялы байланыс операторлары тарифтерді жыл сайын қымбаттатып отырғанын айтады. Компаниялар мұны жабдық сатып алу шығындары, салықтың өсуі және ҚҚС-тың көтерілуімен түсіндіреді. Алайда авторлардың айтуынша, интернет пен байланыс сапасы айтарлықтай жақсармаған.
– Нарықта шынайы бәсекелестік жоқ. Барлық операторлар бағаны бір уақытта көтереді. Бұл халықтың таңдау мүмкіндігін шектейді, – делінген петиция мәтінінде.
Авторлар интернет қазіргі кезде артықшылық емес, күнделікті қажеттілік екенін атап өтеді. Мемлекеттік қызметтер, онлайн-банкинг, оқу және басқа да қызметтер интернет арқылы көрсетіледі. Сондықтан мемлекет азаматтарды бағаның негізсіз өсуінен қорғауы тиіс деп санайды.
Петицияда мынадай талаптар қойылған:
-
тарифтерді халықтың табысына және қызмет сапасына сай деңгейге дейін төмендету;
-
ұялы байланыс пен интернетті әлеуметтік маңызы бар қызмет деп тану;
-
Қазақстандағы және басқа елдердегі байланыс бағаларын салыстыру;
-
ҚҚС-ты сылтауратып тариф көтеруге тыйым салу;
-
байланыс сапасы төмен болған жағдайда абоненттерге өтемақы төлеу.
Петиция авторлары қолжетімді интернет – компаниялардың пайдасы үшін емес, халықтың құқығы болуы керек деп есептейді.
