Қазақстанда мектеп директорларын тағайындау тәртібі өзгеруі мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова директорларды 2+2 жүйесімен тағайындауды ұсынды. Бұл жүйе бойынша директорлар алдымен екі жылға тағайындалады. Егер жұмысы жақсы нәтиже көрсетсе, қызмет мерзімі тағы екі жылға ұзартылмақ.
Министр бұл ұсынысын 14 қаңтарда Оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында айтты.
Министрдің айтуынша, екі жыл ішінде мектептегі білім сапасы, оқушылардың нәтижесі, қауіпсіздік мәселесі және мұғалімдердің біліктілігі жақсаруы тиіс. Осы талаптар орындалса, директорға тағы екі жыл жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. Бұл норма қазір министрліктің бұйрығына енгізілген.
Қазір мектеп директорлары төрт жылға тағайындалады. Алайда кейбір мектептерде директорлар ұзақ жылдар бойы ауыспай қызмет атқарып келеді. Министрлік 2021 жылы кейбір директорлардың 10 жылдан астам уақыт жұмыс істегенін мойындаған.
