Маңғыстау облысында мұнай-газ саласындағы лауазымды тұлғалардың миллиондаған қаржыны жымқырғаны анықталды. Өткен жылы облыстық прокуратура мұнай-газ кәсіпорындарында тексеру жүргізді. Тексеру барысында “Oil Transport Corporation” ЖШС-ның жабдықты қабылдау кезінде заңсыздықтар анықталып, үш адам қамауға алынды. Құқық бұзушылықтар бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Нәтижесінде, күдікті ретінде кәсіпорын мен мердігер компанияның басшылары да қамтылды.
Сот барлық лауазымды тұлғаларды кінәлі деп танып, оларға әртүрлі жаза түрлерін тағайындады.
“Кәсіпорынның бас директор орынбасары лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланып, ауыр зардаптарға әкеп соққан ісі үшін сотталды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Ал мердігер компанияның екі қызметкері әрқайсысына 2 жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды”, – деп хабарлады Маңғыстау облысының прокуратурасы.
Сот үкімі бойынша айыпталушылар 250 миллион теңге көлеміндегі шығынды өтеуі тиіс.
Үкім заңды күшіне енді.
