Тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты сот процесінде жауап береді. Тергеу нұсқасы бойынша, әйелді оның күйеуі аса қатыгездікпен өлтірген.
12 желтоқсанда Талдықорғанда өткен сот отырысында келесі отырыста Тахир Халимназаровтың сотта сұралатыны белгілі болды. Бұл туралы блогер Қайрат Әбдірахман әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, сарапшының айғақтары қоғамның жіті бақылауындағы сот процесінде маңызды рөл атқаруы мүмкін екенін атап өтті.
Қайғылы оқиға биыл 22 маусымда Ақсу ауданында орын алған. Соталды тергеу деректеріне сәйкес, Баласаз ауылының тұрғыны Айзат Жұманова ауыр жарақатпен Талдықорғандағы ауруханаға жеткізілген, алайда кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Айзаттың туыстары оны ауруханаға әкелген кезде әлдеқашан жан тапсырған деп есептейді.
Туыстарының айтуынша, ерлі-зайыптылар арасында жанжал болып, кейін ер адам әйелді сағаттап ұрып-соққан. Жәбірленуші екі жасар қызының көзінше аса қатыгездікке ұшыраған.
Сот-медициналық сараптама ауыр жарақаттарды анықтаған: бас-ми жарақаттанған, ми ісіген, бас сүйегі негізі, аяқ-қол мен жамбас сынған, сондай-ақ бетінде іздер бар. Туыстары әйелдің арқанмен байланып, далада сүйрелегенін хабарлаған.
Айзаттың күйеуі әйелдің «терезеден құлап кеткенін» айтқан, ал туыстары оның әйелін азаптап, қылмысты жасыруға тырысқан деп санайды.
Бастапқыда полиция істі ҚК 106-бап 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соғу») бойынша тергеген, кейін күдіктінің әрекеті ҚК 99-бап 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша қайта сараланған.
