«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

АҚШ билігі Тимур Турловқа қатысты тергеу бастауы мүмкін

Қазақстандық миллиардер, Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Тимур Турлов АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясы (SEC) тарапынан «Wells Notice» деп аталатын ресми ескерту хат алған.

Бұл туралы Bloomberg Freedom Holding-тің қаржылық құжаттарына сілтеме жасап хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, ескерту хат Турловқа 2026 жылдың наурыз айында жолданған.

«Wells Notice» — SEC белгілі бір тұлғаға немесе компанияға қатысты құқықтық шара қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын алдын ала хабарлайтын рәсімдік құжат. Алайда мұндай хабарлама заң бұзушылықтың дәлелденгенін немесе ресми айып тағылғанын білдірмейді.

Freedom Holding пен Тимур Турлов реттеушінің алдын ала қорытындыларымен келіспейтінін мәлімдеп, өз ұстанымдарын қорғауға ниетті екенін жеткізді.

Bloomberg мәліметінше, SEC компания қызметіне 2021 жылдан бері қызығушылық танытып келеді. Реттеушінің сұрақтары Freedom Holding-тің кейбір серіктестерімен қарым-қатынасына және ішкі мәмілелердің бухгалтерлік есепте көрсетілу тәртібіне қатысты болған.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай ескерту міндетті түрде айып тағуға алып келмейді. Дегенмен тәжірибеде «Wells Notice» алған істердің бір бөлігі кейін АҚШ-тың бағалы қағаздар туралы заңнамасын бұзу фактілері бойынша ресми тергеуге ұласуы мүмкін.

Қазіргі уақытта SEC тарапынан нақты қандай ықтимал құқық бұзушылықтарға қатысты сұрақтар қойылғаны жарияланған жоқ.

Forbes бағалауынша, Тимур Турловтың байлығы 5,2 миллиард долларды құрайды. Ол Freedom Holding акцияларының шамамен 70 пайызын бақылайды.

Ұқсас жаңалықтар

Енді қазақстандықтар балаларын eGov арқылы басқа мектепке оңай ауыстыра алады

Ауыл шаруашылығына бөлінетін дизель енді түспен белгіленеді

«Мұқағали Мақатаевты сорлы еркекке» теңеген блогерден ақынның ұлы 10 млн теңге өтемақы талап етті