Жетісу өлкесі – табиғаты тұнған шежіре, суы бал, ауасы шипа мекен. Осы аймақтың ең көрікті жерлерінің бірі, Талдықорған өңіріндегі ерекше ауыл – Арасан.
Арасан ауылы – тек картадағы нүкте емес, ол – бабалардың ізі қалған, қасиетті қоныс. Ауылдың аты айтып тұрғандай, бұл жер өзінің емдік қасиеті бар суларымен және таза табиғатымен белгілі. Ауылдың басты байлығы — әйгілі «Арасан-Қапал» шипажайы. Талай ғасырдан бері емдік қасиетімен танылған бұл жерге алыс-жақыннан денсаулығын түзеуге келетіндердің қарасы үзілмеген. Жер астынан шығып жатқан жылы бұлақтар мен таза тау ауасы – Арасанды нағыз табиғи емханаға айналдырған. Шипажайдың даңқы ауылдың атын бүкіл елге танытып, өңірдің мақтанышына айналдырды.

Мен үшін Арасан – тек туған жер ғана емес , бұл менің тұлға болып қалыптасқан мекенім. Өмірімнің алтын бесігінде маған дұрыс тәрбие беріп, жөн сілтеген аяулы жандардың орны ерекше. Мен үшін ондай жандардың қатарында кіші әкем Заңғар мен анам Әлия ерекше орын алады. Таңғы салқын самалмен ерте оянып, сиыр сауып, сүт тартып, кілегей жасайтын сәттері әлі күнге дейін көз алдымда. Жаңа дайындалған қою кілегейді бәріміз дастарқан басында сүйсініп жейтінбіз. Апамның дайындайтын айраны да ерекше еді – оған аздап қант қосып ішкендегі дәм әлі ұмытылмайды. Ал Заңғар ағамның мотоциклі біздің қуанышымызға айналатын. Бәрімізді кезек-кезек отырғызып алып, ауыл ішін аралататын. Әлия тәтем қазанжаппай пісіретіні бөлек еді. Үй ішін баураған ыстық нанның иісі бәрімізді дастарқанға асықтыратын. Қазаннан жаңа түскен ыстық қазанжаппайға май жағып, буы бұрқырап тұрған күйінде сүйсіне жейтінбіз.
Арасанның табиғатын Бүйен өзенісіз елестету мүмкін емес. Таудан бастау алып, арқырап аққан бұл ағынды су – ауылдың тынысы іспеттес. Өзеннің ерекше арыны мен мөлдірлігі ауылдың сәнін келтіріп, жағасында демалған жанға ерекше күш сыйлайды.
Арасанның табиғатымен қатар, оның адамдары да ерекше. Еңбекқор, қонақжай. Әрбір көшесінен жылулық есетін, әрбір үйінен береке төгілген бұл ауыл – көптеген азаматтардың алтын ұясы.
Ауылдағы мейрамдардың өтуі де ерекше әсерге толы болатын. Әсіресе, Наурыз айы келгенде ауыл мүлде басқа күйге енетін. Алаңдарға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, үлкен қазандарда наурыз көже дайындалатын. Ауыл адамдары бір-бірімен көрісіп, ақжарматілектерін айтып жататын. Ер азаматтар арқан тартысып, қол күрестіріп, бозбалалар бәйге шауып, көкпар ұйымдастыратын. Сол күндері ауылдың әр бұрышынан күлкі мен думанның үні естіліп тұратын. Ал Айт мерекесінде ауыл тіпті жанданып кететін еді. Барлығы бір-бірінің үйіне айтшылап барып, ақ дастарқаннан дәм татып, үлкендердің батасын алатын. Әр үй қонағын қуана қарсы алып, төрге шығарып күтуші еді. Осындай мейрамдар ауылдың бірлігі мен жылулығын бұрынғыдан да арттыра түсетін.
Арасан – менің жүрегімнің бір бөлшегі.
АРАСАН — АЛТЫН БЕСІГІМ
Жетісудың жүрегінде жайқалған бір бағым бар,
Сол мекенде бал күндерім, асқақтаған арман бар.
Арасаным – алтын ұям, құт мекенім, туған жер,
Топырағыңнан айналайын, сенде менің жаным бар.
Таң атқанда тау самалы тербетеді даланы,
Бұлақтарың сыр шертеді тыңдап тұрған баланы.
Қырларында қызғалдақтар құлпырады көктемде,
Көрген жанның баурап алар сұлу сенің жанарың.
Шипа болған мөлдір суың алыс елге танылған,
Көп жандардың дертіне ем, бойға қуат дарыған.
Ауыл десе жүрегімде бір сағыныш оянып,
Естеліктер елестейді уақытпенен жаңғырған.
Кеш батқанда көшең тыныш, жұлдыз жанып аспанда,
Балалардың күлкілері қалқып тұрар қасымда.
Арасаным, сен әрқашан мақтанышым, тірегім,
Сен бар жерде жылу бар ғой менің аппақ жанымда.
Нұрай САУЫТБЕК, №156 ЖББМ 11-сынып оқушысы.
