«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

Ауыл шаруашылығы министрлігі енді азаматтық қорғанысқа да жауапты болады

2026 жылғы 13 сәуірде қабылданған Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Құжатқа сәйкес, министрлікке азаматтық қорғаныс саласында бірқатар жаңа міндеттер жүктелді. Енді ведомство азаматтық қорғаныс жоспарын әзірлеп, бекітеді, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды салалық есепке алып, тиісті ақпаратты уәкілетті органға ұсынады.

Сонымен қатар министрлік қарамағындағы қызметтердің жұмысын үйлестіру, төтенше жағдайларды бақылау және болжау жүйелеріне басшылық жасау міндеті бекітілді. Бұдан бөлек, халық пен мамандарды оқыту, ғылыми зерттеулер жүргізу және азаматтық қорғаныс бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру да ведомство құзыретіне кіреді.

Министрлік азаматтық қорғаныс саласындағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз етіп, мобилизациялық резервтің материалдық қорын қалыптастыру және сақтау бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізеді.

Сондай-ақ ведомство қарасты ұйымдарда өрттің алдын алу шараларын жүргізіп, азаматтық қорғаныс мүліктерінің қорын қалыптастырады және олардың сақталуы мен дайындық деңгейін тұрақты бақылауда ұстайды.

Қосымша ретінде министрлік төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға арналған жоспарларды әзірлеп, уәкілетті органмен келіседі, сондай-ақ қосалқы басқару пункттерін құруды қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, мемлекеттік материалдық резервтегі құндылықтарды пайдалану бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізу нормасы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінің функциялары одан әрі кеңейтіледі. Атап айтқанда, министрлік:

  • гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен құндылықтарды босату бойынша Үкіметке ұсыныстар енгізеді;
  • жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығару туралы шешім қабылдайды;
  • мемлекеттік резервтегі құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлеміне қатысты ұсыныстар енгізеді;
  • жұмылдыру резервіне қажетті материалдық құндылықтарды жеткізуге тапсырыстар орналастырады;
  • жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды жаңарту тәртібімен шығару туралы шешім қабылдайды;
  • басқа мемлекеттік органдарға босатылған немесе жаңартуға жататын материалдық құндылықтарды өтеусіз беру мәселелерін үйлестіреді;
  • жұмылдыру резервіндегі материалдық құндылықтарды ауыстыру туралы шешім қабылдайды;
  • резервтік қорларды сақтау, жаңарту және басқару жұмыстарын ұйымдастырады;
  • төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етеді.

Қаулы 2026 жылғы 13 сәуірден бастап күшіне енді, алайда бірқатар нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Сара Назарбаева ауыр хәлде жатыр – дереккөз

Олеся Кексель азаптау ісі бойынша күдікті деп танылды

В Алматы 186 человек обратились укусов клещей к врачам