«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратӘлеумет

Қазақстанда еңбек кітапшасы жойыла ма? Министрлік түсіндірді

Қазақстанда еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕАБЖ) қатысты талаптар күшейтіліп, жұмыс берушілерге еңбек шарттарын электронды форматта тіркеу міндеті жүктелді. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының 2018 жылғы Жолдауын іске асыру аясында енгізіліп, 2020 жылғы 4 мамырда Еңбек кодексіне бекітілген.

Енді жұмыс берушілер қызметкермен жасалған еңбек шарты, оның тоқтатылуы және шартқа енгізілген өзгерістер туралы мәліметтерді электронды жүйеге енгізуге міндетті. Сондай-ақ демалыстар мен қызметкерге қатысты негізгі деректер де уәкілетті орган бекіткен тәртіппен тіркеледі. Электронды еңбек шарты қағаз нұсқаның қосымша цифрлық формасы болып саналады.

Бұл жүйе жұмысқа орналасу процесін жеңілдетуге, қағаз құжат айналымын азайтуға және еңбек қатынастарын ашық етуге бағытталған. Сонымен қатар қызметкерлердің құқықтарын қорғау деңгейін арттыру көзделеді.

2026 жылғы 12 наурыздан бастап талаптарды сақтамаған жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Мәліметтер уақытында, толық немесе дұрыс енгізілмеген жағдайда 60-тан 150 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Еңбек шарттары жүйеге 5 жұмыс күні ішінде енгізілуі тиіс. Бұрын жасалған шарттар да кезең-кезеңімен тіркеледі: 2000 қызметкерге дейінгі ұйымдар үшін 1 жыл, ал 2000-нан астам қызметкері бар ұйымдар үшін 2 жыл мерзім белгіленген.

Қате анықталған жағдайда жұмыс беруші 30 жұмыс күні ішінде деректерді түзетуге немесе жоюға міндетті. Қызметкерлер өз мәліметтерін eGov порталы арқылы тексере алады.

Еңбек кітапшалары қағаз түрінде сақталады және оларды цифрландыру қарастырылмаған. Еңбек өтілі еңбек кітапшасы, еңбек шарты, жұмыс беруші актілері, жалақы ведомостары, әлеуметтік аударымдар, архивтік анықтамалар және басқа да құжаттар арқылы расталады.

Еңбек шарттарын цифрландыру еңбек нарығындағы ашықтық пен тиімділікті арттыруға бағытталғанымен, жұмыс берушілер үшін жаңа міндеттер мен жауапкершіліктерді күшейтеді.

Ұқсас жаңалықтар

Метрода пранк жасаған блогерлер жауапқа тартылмақ

Алматыда мыңдаған студентке жатақханада орын жетпейді

«Кітаптар әлемі» бес жылдық мерейтойын атап өтті

Redaktor Shyn-Ar