Соңғы жылдары Қазақстанда айыппұл саны көбейгендей әсер қалдырады. Біреулер мұны тәртіптің күшейгенімен байланыстырса, енді біреулер бақылаудың шамадан тыс артқанын айтады. Шын мәнінде айыппұлдар расымен көбейді ме, әлде біз оларды бұрынғыдан жиірек байқай бастадық па?
Сарапшылар бұл үрдістің негізгі себептерінің бірі цифрлық технологиялардың дамуы екенін айтады. Бүгінде көшелерге орнатылған бейнебақылау камералары кез келген ережебұзушылықты тіркеп, оны автоматты түрде айыппұлға айналдырады. Бұрын назардан тыс қалуы мүмкін әрекеттер енді бірден анықталады. Яғни заң бұзылған сәттен бастап жауапкершілік те дереу жүктеледі.
Ресми деректер цифрлық жүйенің тиімділігін де көрсетеді. Кей өңірлерде жол-көлік оқиғалары азайып, қоғамдық тәртіптің нығайғаны байқалады. Алайда бұл – мәселенің бір ғана жағы.
Қоғамда бұл тақырыпқа қатысты пікір әртүрлі. Бір топ айыппұлды тәртіп орнатудың тиімді құралы деп есептесе, енді біреулер оны шамадан тыс бақылаудың көрінісі ретінде қабылдайды. Әсіресе автоматты жүйелердің әділдігіне күмән келтіретіндер аз емес. Сонымен қатар заңның барлық өңірде бірдей орындалуы да көпшілікті алаңдатады. Ірі қалаларда бақылау күшейгенімен, кей аймақтарда мұндай жүйелер әлі де толық енгізілмеген.
Жүргізушілер арасында жиі талқыланатын мәселелердің бірі – көлікті қыздыруға қатысты талаптар. Көпшілік «5 минуттан артық қыздыруға болмайды» дегенді нақты заң ретінде қабылдайды. Алайда мұндай нақты уақыт шектеуі заңда көрсетілмеген. Ережелер тек тұрғындарға кедергі келтіретін немесе қоршаған ортаға зиян тигізетін жағдайларды шектейді. Ал «5 минут» туралы түсінік көбіне қате ақпараттың таралуынан қалыптасқан.
Сандарға назар аударсақ, айыппұлдан түсетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді.
2021 жылы бұл көрсеткіш 79 млрд теңгені құраса,
2022 жылы – 111 млрд теңге,
2023 жылы – 142 млрд теңге,
ал 2024 жылдың 11 айында 217 млрд теңгеге жеткен.
Бұл өсімнің себебі неде? Заң бұзушылық көбейді ме, әлде бақылау күшейді ме? Әлде айыппұл шынымен бюджет толтырудың бір тетігіне айналып бара ма? Бұл сұрақтар қоғамда жиі көтеріле бастады.
Мәжіліс депутаттарының айтуынша, айыппұлдың негізгі мақсаты – бюджет толтыру емес, құқықбұзушылықтың алдын алу. Олар тәртіп сақталған жерде айыппұл болмайтынын алға тартады. Сонымен қатар кей талаптардың, әсіресе көлікке қатысты нормалардың, экология мен тұрғындардың жайлылығын сақтау үшін енгізілгені айтылады.
Дегенмен қоғамдық ұйым өкілдері бұл үрдіске алаңдаушылық білдіреді. Олардың пікірінше, айыппұл көлемінің күрт өсуі қоғамда сенім мәселесін туындатуы мүмкін. Егер айыппұл жүйесі халыққа қысым ретінде қабылданса, бұл мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністікке әсер етуі ықтимал.
Сарапшылардың айтуынша, мәселе тек айыппұл санының өсуінде емес. Ең бастысы – оның әділ әрі түсінікті болуы. Заң баршаға бірдей, ашық әрі нақты болған жағдайда ғана ол қоғам сеніміне ие болады.
Әсел Сайлаубекова
