Қамзол төңірегіндегі дау жаңа шешіммен жалғасты. Продюсер Баян Алагөзова танымал Қыз Жібек фильмінде Жібек рөлін сомдаған актриса, Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жеке төлем жасап тұратынын мәлімдеді.
Продюсер бұл шешімін актрисаның өнерге қосқан зор үлесіне деген алғысы ретінде түсіндірді. Оның айтуынша, дауға себеп болған қамзол қазір өзінде сақтаулы және толық күйінде тұр. Бұған дейін киім жойылып кетудің алдында болған, алайда оны қарапайым әйел сақтап қалған.
Алагөзова қамзолдың алдағы тағдырын халық пен тиісті органдар шешетінін айтып, болашақта оны музейге тапсыру жоспары бар екенін жеткізді. Қазірше ұлттық құндылық қауіпсіз жерде, “жеті құлыптың астында” сақтаулы.
Сонымен қатар продюсер актрисамен жеке кездесіп, алғыс білдіргісі келетінін айтты. Ол алдағы “Қазақ аруы” байқауларының бірін Өтекешоваға арнап, арнайы сый жасамақ. Бұдан бөлек, актрисаға тон сыйлаған.
Баян Алагөзова жұбайы Тұрсынғали Алагөзовпен бірге өнерге ғұмырын арнаған тұлғаларды қолдау қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, елімізде еңбегі еленбей қалған өнер адамдары аз емес, сондықтан меценаттарды оларды ұмытпауға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін продюсердің әлеуметтік желіде Жібектің қамзолы өз гардеробында екенін жариялауы қоғамда қызу пікірталас туғызған еді. Көпшілік тарихи мұраның музейде сақталуы тиіс екенін айтқан. Кейін Алагөзова киімнің ресми тіркеуде болмағанын және оны кезінде жойылудан аман алып қалғанын түсіндірген.
