Қазақстандық олигархтардан тәркіленген мүліктер аукционға қойылды. Қалпына келтірілген активтерді басқару компаниясы кезекті онлайн-аукционның басталғанын хабарлады.
Сатылымға Астанадағы бірқатар элиталық тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер, автотұрақ орындары мен коммерциялық нысандар шығарылған. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке тиесілі болған жеке заттар да аукцион тізіміне енгізілген.
Ең қымбат лоттар «Париж кварталы» тұрғын үй кешенінде орналасқан. Ауданы 94 шаршы метр болатын пәтердің бастапқы бағасы 112,9 миллион теңге деп белгіленген. Ал аумағы 309 шаршы метрден асатын екі деңгейлі пәтер 363,2 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Сондай-ақ Green Village тұрғын үй кешенінде орналасқан ірі пәтер сатылымға қойылған. Оның жалпы ауданы 230 шаршы метрден асады, бастапқы бағасы — 214 миллион теңге.
Ал «Милан кварталы» тұрғын үй кешеніндегі тұрғын емес кеңістік жеке актив ретінде ұсынылған. Ақ-Бұлақ ауданында орналасқан бұл коммерциялық нысанның бастапқы бағасы 353,7 миллион теңгені құрайды.
