Enbek.kz порталында 14 пен 18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған бос жұмыс орындарының арнайы бөлімі іске қосылды. Жаңа бөлім жазғы демалыс кезінде оқушылардың ресми түрде жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
16 жастағы Әлихан Қайыргелді қазіргі таңда курьер болып жарты күн жұмыс істейді. Ол күніне шамамен 10 тапсырыс жеткізетінін айтады.
«Маған бұл жұмыс ұнайды. Қалаған уақытымда тапсырыс қабылдап, бос кезімде жұмыс істеймін. Оның үстіне таза ауада жүріп, ақша табамын», – дейді Әлихан.
Өткен жазда ол тапқан қаражатына VR көзілдірігін сатып алған. Биылғы табысын қажетті заттар мен шағын жобаларға инвестициялауды жоспарлап отыр.
Жасөспірімдер арасында жаз мезгілінде курьер, даяшы, лагерь көмекшісі, көгалдандыру қызметкері және қоғамдық жұмыстарға қатысу кең таралған. 2026 жылдан бастап мемлекет бұл бағытта қолдау көрсетіп, онлайн жұмыспен қамту платформасында арнайы бөлім ашты.
Жасөспірімдерге арналған жазғы жұмыс бойынша негізгі талаптар:
• Барлық бос жұмыс орындары ресми электрондық еңбек келісімшартын жасауды талап етеді. Бұл жұмысшыларды жалақының төленбеуінен қорғайды.
• 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды.
• 16–18 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы тиіс.
• Жұмыс денсаулыққа зиян келтірмеуі және оқу процесіне кедергі жасамауы қажет.
• 14–16 жастағы балаларды жұмысқа орналастыру үшін ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша рұқсаты қажет.
Жұмыс іздеу үшін Enbek.kz порталы арқылы жастарға арналған бөлімге кіріп, өңірді таңдап, қажетті бос орынға өтініш беруге болады. Өтініш ЭЦҚ немесе телефон нөмірі арқылы рәсімделеді.
Айта кетейік, биыл оқу жылы 25 мамырда аяқталады. 9-сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өтсе, 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2–15 маусым күндеріне жоспарланған.
