«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСот

Санжар Боқаев қамауда қалады: сот шешімі өзгеріссіз қалды

Санжар Боқаевқа қатысты апелляциялық шағым қанағаттандырылмады. Алматы қалалық соты оның қамау мерзімін ұзарту туралы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы адвокат Радмир Утепов әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, 2026 жылғы 21 мамырда өткен сот отырысында қорғаушылардың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаған.

«Сот Боқаев Санжар Омарұлына қатысты қамауда ұстау мерзімін ұзарту жөніндегі тергеу сотының қаулысын күшінде қалдырды», – деді Радмир Утепов.

Санжар Боқаев 2026 жылғы 18 наурызда Алматыда қылмыстық іс аясында ұсталған болатын.

Тергеу мәліметінше, ол қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында жалған ақпарат таратты деген күдікке ілінген. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде саябақтардағы ағаштардың заңсыз кесілуі мен құрылыс нысандарындағы ұрлықтарға қатысты бейнематериалдар жариялаған.

Құқық қорғау органдарының нұсқасына сәйкес, Боқаев бұл әрекеттерді ұйымдастырып, қаржыландыруы мүмкін. Сонымен қатар адамдарды ақша ұсынып тартқаны да айтылып отыр.

Бұдан бөлек, ол аса ірі көлемдегі алаяқтық және қаржы жымқыру ісі бойынша да күдікті ретінде қарастырылуда.

2 сәуірде Сенаттағы брифингте Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Боқаевқа қатысты тергеу бірнеше бағыт бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлаған еді.

«Ол ірі көлемде алаяқтық арқылы ақша жымқырды және ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырды деген күдікке ілінді», – деген болатын Өтегенов.

Оның сөзінше, болжамды құқықбұзушылықтар Боқаевтың ұлттық компанияда қызмет атқарған кезеңінде жасалуы мүмкін.

Санжар Боқаев – қазақстандық қоғам белсендісі, экономист және блогер. Ол әлеуметтік желілерде қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерді, сондай-ақ қала инфрақұрылымы мен экология тақырыптарын жиі көтеріп жүрген тұлға.

Бұған дейін Алматыда Санжар Боқаевтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ұқсас жаңалықтар

Мектеп бітіру кештеріне тыйым салынды ма? Оқу-ағарту министрлігі қатаң мәлімдеме жасады

Альфа ұрпақ: жаңа тәрбиені қажет ете ме, әлде ескі жүйе әлі де өзекті ме?

«Шегіртке – халал, бірақ мен оны жеңдер деп айтқан жоқпын» – Жұманғарин