Тараз қаласының талапкері Нұрқанат Қанат Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары — 140 балл жинады. Қуанышты жаңалықты ол білім алған “Білім-Инновация” лицейі хабарлады.
Лицей өкілдерінің айтуынша, бұл нәтиже — көпжылдық еңбектің жемісі. Нұрқанат бұған дейін де білім бәйгелерінде топ жарып жүрген үздік оқушылардың бірі болған. Ол “XXI ғасыр көшбасшысы” зияткерлік байқауының жеңімпазы атанып, тарих пәні бойынша республикалық олимпиаданың үш дүркін алтын медаль иегері болған.
“Бұл жетістікке ұстаздардың сапалы дайындығы, ата-анасының қолдауы және оқушының табандылығы себеп болды”, – деді оқу орнының өкілдері.
Талапкердің өзі жоғары нәтиже көрсету басты мақсаты болғанын айтып, бұл көрсеткіш ұзақ жылғы дайындықтың нәтижесі екенін жеткізді.
Digital Business мәліметінше, Нұрқанат дайындалған JUZ40 білім беру орталығы оған ерекше сыйлықтар ұсынған. Атап айтқанда, бизнес-класс пәтер, Mercedes E-Class автокөлігі немесе 50 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйақының бірін таңдау мүмкіндігі берілген.
Сонымен қатар, орталық талапкерге төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлемек. Ал оның ата-анасына 3 миллион теңге ақшалай сыйақы табысталатыны айтылды.
Еске салайық, Қазақстанда ҰБТ-ның негізгі кезеңі 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтеді.
