«Шын-Ар» ақпараттық порталы
АқпаратСаясат

Назарбаевтың сыртқы саясатқа қатысты өмір бойғы құқығы жойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына өзгерістер енгізді. Тиісті жарлыққа 2026 жылғы 14 тамызда қол қойылды.

Құжаттағы негізгі өзгерістердің бірі – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты арнайы норманың алынып тасталуы.

Бұған дейін тұжырымдамада «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалармен өмір бойы жүгінуге құқығы бар екені жазылған. Жаңа редакцияда бұл тармақ жоқ.

Сонымен қатар сыртқы саясат тұжырымдамасының «Ағымдағы жағдайды талдау» бөлімі жаңартылды. Онда Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі мен аумақтық тұтастығын нығайтуға, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтауға және ұлттық мүдделерді қорғауға басымдық берілген.

Құжатта Қазақстанның көпвекторлы, прагматикалық және проактивті сыртқы саясатты жалғастыратыны көрсетілген. Сондай-ақ сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің және азаматтардың мүдделерін ілгерілету мен қорғауға басымдық берілетіні нақтыланды.

Бұдан бөлек, тұжырымдамаға Құрылтайға қатысты жаңа норма енгізілді. Онда Құрылтай Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы ретінде сипатталған.

Жаңартылған тұжырымдама Қазақстанның сыртқы саясатындағы стратегиялық мақсаттардың бірі ретінде тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастықты нығайтуды, сондай-ақ сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтауды айқындайды.

Жарлық 2026 жылғы 14 тамыздан бастап күшіне енді.

Ұқсас жаңалықтар

Актер Асанәлі Әшімов дүниеден өтті

Алматыдағы өрт: балаларға қауіпсіз орын және психологиялық көмек ұйымдастырылды

Меньше месяца до штрафов: 2,5 тысячи мопедов зарегистрировали в Алматы

Дамир Оразбаев