«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Әдебиет

АҚЫННЫҢ МІНДЕТІ – ДӘУІРДІҢ ІЗІН СӨЗБЕН САҚТАУ

Асқар ДҮЙСЕНБІ,

белгілі ақын, композитор, фольклортанушы ғалым

Қазақ өнерінің көкжиегінде айтыс пен жазба поэзияны, ән мәтінін жазу мен сазгерлікті қатар өріп келе жатқан бесаспап жанның бірі – Асқар Дүйсенбі. Оның ғылым саласындағы жанкешті еңбегі өзінше бір бөлек. Әуелі айтыс аламанында шыңдалып, кейін қалам қарымын түрлі жанрда танытқан ақынның сөзіне жазылған ән әуендері халықтың жүрегінен орын алды. «Ағажан», «Шаттығым» секілді көпшілікке шуақ сыйлаған алғашқы әндерімен белгілі болған ақын қазір 500-ден астам ән текстерінің авторы. Сондай-ақ, ол  бүгінде Әл-Фараби ҚазҰУ оқу ордасындағы ұстаздық қызметінде де өз соқпағын тапты. Қиын да, қызықты өмір жолынан өткен ақынмен оның өнердегі орны, ән әлемі және шығармашылық тағдыры туралы әңгімелескен едік.

– Асқар аға, жақында туған ауылыңыз Қандөзде Сіздің туындыларыңызды арқау еткен «Ән-дәурен» атты Қызылорда облыстық ән байқауы өткізілгендігінен хабардармыз. Туған жеріңізге барғанда әуелі ойыңызға не оралды? Жалпы ауылға жиі барып тұрасыз ба?

Ауыл деген – алтын бесік қой. Қандөздің қасиеті атауының өзінде тұрғандай. Кіндігімнің қаны тамған осы өлке – менің өмірімнің шежіресі. Төбесі мен құмды белі, жиделі тоғайы, арығы мен атызына дейін балалық шағымның табы бар. Биыл тамызда өнердің көшін туған жерге бұрып, барып қайттым. Осы әлди мекенде менің шығармаларым бойынша «Ән-дәурен» атты әншілер байқауының өтуі мен үшін үлкен қуаныш болды. Оны облыс көлемінде ұйымдастырған жерлестеріме алғысым шексіз. Бұл – туған жерге тәу етіп, тағзым жасаудың бір жолы деп білемін.

Әбіш ағамның: «Тұлпарды танығың келсе, тай күнін өткізген жеріне бар» деген сөзі ойыма жиі оралады. Қандөз топырағынан қазақ еліне қалтқысыз қызмет еткен мемлекет және қоғам қайраткерлері, журналист-жазушылар, ғылым, білім, спорт пен өнер майталмандары шыққан. Сондықтан ауылға кіре бергенде аялдап, ата-бабама, әже-аналарыма, осы мекенде өмір сүрген жақсы-жайсаңдарға құран бағыштап барып, қадам басамын.

Содан кейін ата-анамның ізі қалған топырақ, бала күнімде асыр салып өскен белдер, жас дәуренде бірге жүрген қимас жандар көз алдымнан өтеді. Ақын болмасам, осының талайы елеусіз қалуы да мүмкін еді. Өйткені ақынның міндеті – өз басынан өткенді ғана емес, өзі куә болған дәуір мен ортаның да ізін сөзбен сақтау.

Ал ауылға жиі барамын десем, артық айтқаным болар. Кейде жыл аралатып, кейде екі жылда бір барып қаламын. Бірақ арадағы қашықтық туған жерден алыстата алмайды. Өйткені Қандөз — менің жырымның тамыры.

– Бала кезіңізден атақты Нартай ақын әуені нақышын, иірімдерін әдемі келтіреді деп естігеніміз бар, құпия болмаса мұны қайдан, кімнен үйреніп алдыңыз? Сіздің өнерге үйірлігіңізге ата-анаңыз Кейкі көке мен Тұрар апа қалай қарады?

– Менің Дүйсенбі атам – заманында домбыра, қобыз тартып, сырнайға қосылып жыр айтқан, жанынан өлең шығарып, айтысқа түскен өнерпаз кісі екен. Бұл туралы әкем жиі айтып отыратын. Өзі де грампластинкаға жазылған терме-жырларды сатып әкеліп, үйде көп тыңдайтын. Біз кей сөзін түсініп, кейбірін түсінбесек те, әкеміздің жанында жата қалып, құлақ түретінбіз. Сол ән мен әңгіме, атамның өнері туралы естеліктер бала қиялымды ерте тербетті.

Ал өнерге өзімнің алғашқы қадамым бала кезімнен басталды. Бастауыш сыныпта сөзді ұйқастырып сөйлеуге әуес болып, сыныптастарыма шағын әзіл өлеңдер жазатынмын. Кейін домбырамен терме, толғау, халық әндерін орындауды репертуарыма қостым. Әкем мен анам бұл бейімділігімді байқап, үнемі қолдау көрсетті. Көрші ауылдардағы, аудандық, облыстық, кейін республикалық айтыстарға қатысуыма жол ашты.

«Әке – балаға сыншы, ана – тілекші» дейді ғой. Бұл ретте марқұм Болсын әжемнің де орны ерекше. Әр сайысқа аттанар алдында батасын беріп, басымнан үш рет тұз айналдырып, отқа тастайтын. Сол ақ батасы мен ақ тілегін өнер жолындағы алғашқы тұмарымдай көремін. Менің өнердегі жолымның ашылуына осының бәрі – атаның аманаты, әкенің тәрбиесі, ананың қолдауы, әженің батасы себеп болды деп ойлаймын.

– Біздің білуімізше, Сіздің өнерге алғаш қадам басқан кезіңіз тоқырау жылдары басталған тоқсаныншы жылдарға тұспа-тұс келетін секілді. Сол кездегі ұлттық өнерге сусаған жұрттың шөлін басқан – айтысқа қалай араласып кеттіңіз. Қиырдағы ауыл баласының сол кездегі қиыншылыққа қарамай, Алматы қаласында өткен аламанға қатысып, жәй қатысып қана қоймай, азулы ақындармен тайталасқа түсуіне қандай құдірет күш берді?

Жоғарыда айттым ғой, біздің ауылдың адамдары өнерлі әрі өнерді бағалайтын талғамы биік тыңдармандар болды. Тоқсаныншы жылдардың басы елдің материалдық жағдайы үшін аса қиын кезең еді. Бірақ күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген жұрттың «Бұл күн де өтер», «Бұдан да қиын кезде тойға барғанбыз» деген дархан көңіліне жоқшылықтың өзі көлеңке түсіре алмады.

1980 жылдардың соңында «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, Наурыз сияқты ұлттық мерекелеріміз қайта орала бастағанда, ауылда түрлі мәдени шаралар жиі өтетін. Мен сол кезеңде айтыскер ретінде өнер сахнасына шықтым. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, рухани ағам, сатирик ақын Нұрмахан Елтай менің өнердегі жолымды ширатуға  көп ықпал етті.

Әлі есімде, Нұрмахан ағам ауылда тұңғыш рет үлкендер мен жастарды жұптастырып, бес-алты жұп айтыс ұйымдастырды. Мені өзімнен үлкен жігіттермен айтыстырды. Бұл ауыл үшін үлкен жаңалық болды. Жұрт ұзақ уақыт қызықтап, біріне күліп, бірінен үміт күтіп, сол айтысты көпке дейін әңгіме етті. Менің алғашқы өнер мектебім де, өмір мектебім де осылай басталды.

Тоқсаныншы жылдардың қиыншылығын ел ұмытқан жоқ. Бір күн аш қалғанымыз есімде жоқ, бірақ бір күн ән салып, өлең айтпай қалған кезіміз жоқ. Өнер біз үшін жай ғана сахна емес, сол кезеңнің ауырлығын еңсеруге демеу болған рухани күш еді.

Мектептің жоғары сыныптарында аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлдемен оралып жүрдім. Нұрмахан ағам мені одан әрі қанаттандырып, үлкен ортаға алып шықты. Алдымен Шымкент маңында өткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 120 жылдығына арналған аламанға қосты. Кейін Алматыда Оралхан Бөкей ағамыз бас редактор болып тұрған «Қазақ әдебиеті» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақ қандай халық?» атты республикалық ақындар айтысына апарып, үлкен додаға салды.

Міне, осындай ірі жарыстар мен үлкен орта менің өзіме деген сенімімді қалыптастырып, ақындық қуатымды шыңдады. Содан кейін Жүрсін Ерманов ағамыз ұйымдастырған республикалық деңгейдегі талай үлкен айтысқа қатыстым.

Айтыс жолында еліміздің әр өңірінен шыққан талай жүйріктермен сахнада сөз додасына түстім. Жамбылдық Әзімбек Жанқұлиев, талдықорғандық Айтақын Бұлғақов, шығысқазақстандық Абаш Кәкенов, қызылордалық Серік Ыдырысов, Елена Әбдіхалықова, оңтүстіктің өрен жүйріктері Бекарыс Шойбеков, Ақмарал Леубаева, елордалық Дәулеткерей Кәпұлы, қырғыздың айтулы ақыны Элмирбек Иманалиев (марқұм, өмірден жастай кетті), өзбекстандық Бөрібай Оразымбетов және тағы да көптеген ақындармен сахнада қарсылас болдым.

 Бұл – мен үшін үлкен мектеп. Ел мен жердің киесі, бабалардың рухы демеп, талай аламаннан жүлдемен қайттық. Сол додалардың әрқайсысы өнерімді ғана емес, азаматтық болмысымды да қалыптастырды.

– Сізді жұрт ең алдымен айтыскер ақын ретінде таныды. Суырыпсалмалық қасиет пен жазба поэзияның өзіңіз үшін айырмашылығы неде? Қайсысында ақынның ішкі әлемі көбірек ашылады?

– Мен үшін суырыпсалмалық пен жазба поэзия – құстың қос қанатындай. Әуелде екеуі екі басқа шығармашылық бағыт секілді көрінгенімен, менің ақындық болмысымда олар бірін-бірі толықтырып келеді.

Суырыпсалма өнердің табиғаты бөлек. Оның тарихы терең, басты талабы – қарсыластың аңысын аңдап, орайын тауып, сөзбен ұту. Мұнда тапқырлық, ұшқыр ой, тосын жауаппен қатар, сауықтық сипат пен әртістік қабілеттің де маңызы зор. Кейде шабыт үстінде буын мен бунақтың ауытқып кетуі мүмкін. Бірақ оны ақынның орындаушылық шеберлігі, дауыс ырғағы, сахналық болмысы тыңдарманға табиғи қабылдатады.

Ал жазба поэзия – ақ қағазбен оңаша қалып, өз арыңмен сырласу, ішкі дүниеңді таразылау, кейде тіпті ғарышпен тілдесу. Мұнда асығыстыққа орын жоқ. Сөздің әрқайсысы екшеліп, ырғақ пен ұйқас, образ бен ой өз орнын табуы керек. Ауызша айтылған дүниедегі кейбір олқылық жазба поэзияда кешірілмейді.

Қазақ эстрадасында сіздің сөзіңізге жазылған, халық ұйып тыңдайтын әндер аз емес. Мәселен, Алтынай Жорабаева орындайтын «Ағажан», Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы «Шаттығым сенсің» секілді әндердің дүниеге келуіне не әсер етті?

– Иә, қоржынымда өз әндерім де, әнге жазылған мәтіндерім де баршылық. Алаштың ардақты ақыны Қадыр Мырза Әли ағамыздың: «Менің өлеңдерім – ұлдарым, әнге жазылған сөздерім – ұзатылған қыздарым» деген жақсы сөзі бар. Сол айтпақшы, менің әндерім де өлеңдерімнің өзіндік жарнамасы болды десем, артық айтқандық емес. Өйткені елге кеңірек танылуыма осы қырымның да әсері мол.

Бірнеше жүздеген әннің бәрінің тарихын айтып шығу мүмкін емес. Бірақ өзіңіз атаған екі әннің туу тарихы есімде ерекше сақталған. Алтынай Жорабаева орындайтын «Ағажан» әнін үлкен ағам Жұмағалиға арнадым. Әке-шешемізден ерте айырылдық. Ағам қара шаңырақта қалып, бізге әке орнына әке болды. Сондықтан барлығымыз оны ерекше құрметтейтінбіз.

2003 жылы ағам қырық жасқа толды. «Ағама ешкім жасамаған, қайталанбас қандай сыйлық жасасам екен?» деп көп ойландым. Бірақ ойыма ештеңе түспеді. Бір күні қоғамдық көлікте келе жатып, Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым» әнін естіп қалдым. Кенет: «О, таптым!» деп дауыстап жіберіппін. Жан-жағымдағылар жалт қарады. Сәл қысылып қалдым. Бірақ сол сәтте ағама арнайтын әннің идеясы мен алғашқы жолдары ойыма келе бастады. Кейін сол ой «Ағажан» әніне айналды.

Ал «Шаттығым сенсің» әнінің тарихы сәл өзгеше. Оның мәтіні осыдан отыз жылдай бұрын, аспирантурада оқып жүрген кезімде өлең болып туған. Алматыда кітапханада диссертациямды жазып жүргенмін. Бір айдай уақыт өтіп, Түркістанға асығып жетсем, жұбайым Гүл екі жасар Ақбота қызымызды алып, ауылға – Қандөзге кетіп қалыпты.

Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон жоқ. Телефонмен сөйлескенімізде, «екі-үш күнде келемін» дегенмін. Олар мені әлі қалада жүр деп ойлап, әкеме сәлем беріп, немересін атасына көрсетейік деп ауылға кеткен екен. Мен айтқан күнімнен бір күн бұрын келіп қалдым. Үйде ешкім жоқ. Көршілер отбасымның ауылға кеткенін айтты.

«Мен де соңдарынан барып, бір қуантайын» деп автобуспен Қандөзге жол тарттым. Бірақ қырсыққанда, мен ауылға қарай кеткенде, олар қалаға қарай жолға шығыпты. Сөйтіп, жолда бір-бірімізге қарама-қарсы өтіп кетіппіз.

Ауылға жетіп, әкеммен, бауырларыммен қауышқаныммен, көңілім алабұртып, ішімді сағыныш биледі. Сол көңіл күйден «Шаттығым сенсің» деген өлең туды. Кейін марқұм досым, композитор Арман Дүйсенов өлеңді кітабымнан оқып, ән жазды. Сөйтіп, бір кездегі сағыныштан туған жыр ел сүйген әндердің біріне айналып кетті.

Меніңше, жақсы әннің ғұмыры да осындай шынайы сезімнен басталады. Өйткені жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жол табады.

– Жақын досыңыз болған композитор Арман Дүйсеновпен шығармашылық байланыстарыңыздан көптеген танымал ән туды. Сіз сөзін жазып, Арман аға әнін жазған шығармашылық тандемнің сыры неде еді?

– Менің ән жазуға дендеп, эстрадалық өнердің ортасына енуіме бірден-бір ықпал еткен адам – марқұм досым Арман Дүйенов. Ол консерваторияны бітірген соң Кентауда ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қызметке келді. Ол кезде Райымбек Сейтметов ағамыз «Өнер» факультетін басқаратын еді. Арманды жұмысқа шақырған сол кісі болатын. Біздің таныстығымыз осы жерде басталды.

Ол уақытта екеуіміздің арамызда шығармашылық байланыс болған жоқ. Бірақ Арман менің өнерімді сырттай бақылап, бағалап жүретін. Арада бірнеше жыл өткенде, университет ректоратында кездейсоқ кездесіп қалдық. «Алматыға біржола кетіп барамын» деді. Қолымда жаңадан шыққан «Ләйлә ғұмыр» атты жыр жинағым бар еді, соны сыйладым. Сол күні кешке үй телефоныма хабарласып: «Кітабыңдағы өлеңдер әнге сұранып тұр екен. Екеуіне ән жаздым», – деп қуанышын жеткізді.

Сол күннен бастап шығармашылық байланысымыз қоюлана түсті. Күнара хабарласады. Алматыға бара қалсам, үйімнен іздеп тауып, студиясына ертіп кетеді. Сөйтіп, бірге ән жаза бастадық. Маған бұл үдерістің өзі қызық еді. Өлеңнің ән болып түлеп, әншінің орындауында мүлде басқа сипатқа ие болғанын көру, есту маған кәдімгідей қанат бітірді. Ән мен өлеңге деген осы жаңа махаббат мені Түркістанға сыйғызбай, Алатауға алып қашып, шығармашылық кеңістігімді кеңейтті.

Алматыға қоныс аударуға басында қорқақтадым. Бір күні Нұрман ағам хабарласты. Мен мән-жайды айттым. Ол кісі бірден маған қолдау білдіріп, жаңа өрісте жаңа өмір бастауыма сенім берді, күш берді.

Тағдыр жолы ешқашан кедір-бұдырсыз болмайды. Өмірімде ауыр бір кезең болғанда, мені сол тұңғиықтан алып шыққан күштің бірі де осы ән мен өлең болды деп айта аламын. Арман мені бұрыннан таныс Ұлықпан Жолдасовпен қайта табыстырды. Одан кейінгі жалғасқан Ұлықпан досыммен шығармашылық бірлестігіміз – өз алдына бір тарих.

 – Бір әннің халыққа кең таралуына не көбірек әсер етеді деп ойлайсыз: жүрекке жететін сөз бе, жақсы әуен бе, әлде оны орындайтын әншінің шеберлігі ме?

 – Адам сияқты әннің де тағдыры болады. Бір әннің сөзі жақсы, сазы әдемі, табиғаты сұлу болғанымен, бағы жанбай жатады. Ал кейбір ән туғаннан-ақ маңдайы жарқырап, халықтың жүрегіне жол тауып кетеді. Мұның сыры – сөз бен саздың үйлесімі, оған жасалатын сәтті әрленуі, ең бастысы, орындаушының бірін-бірі дәл табуында деп ойлаймын.

Ән – ошақтың үш бұтындай осы үштағанның жарасымынан өріс алады. Сөзі мен сазы қанша жерден жақсы болғанымен, кейде оған лайық орындаушы табылмаса, әннің ғұмыры қысқа болуы мүмкін. Ал үшеуі бір-бірін жаңылмай тапса, әнге жан бітіп, автордың дүниесі халықтың қазынасына айналады.

Сондықтан жақсы әнді кейде бақытын тапқан қызға теңеуге болады. Қыздың бағы өзіне лайық жарын табуда болса, әннің бағы – өз сөзі мен сазын, өз орындаушысын табуында. Сонда ғана оның жұлдызы жанып, ел жүрегінен орын алады.

–  Айтыс, поэзия, ән мәтіні, сценарист, телевидение, ұстаздық – шығармашылық жолыңыздағы бірнеше арна. Осы жолға бүгін бір сәт аялдап, өзіңізге сырт көзбен қарасаңыз, өнер сізге не берді, ал сіз өнерге не бере алдым деп ойлайсыз?

 – Жан-жақтылықты жастық қуатқа тән қасиет деп есептеймін. Әрине, Алла берген шынайы дарының болса, оның бір саламен шектелмей, бірнеше бағытта қанат жаюы да заңды шығар. Бірақ уақыт өте адамның да күші азайып, ойдың құнары саябырлай бастайды. Мен қырық жастан асқанша өзіңіз санамалап берген айтыс, поэзия, эстрадаға ән және ән мәтіндерін жазу, телеарнада бағдарламалар жасау, сериалдар мен фильмдерге сценарий жазу, ғылыммен айналысу, шәкірттерге дәріс оқуды қатар алып жүруге тырыстым.

Оным жеміссіз де болмаған сияқты. Әндерім шырқалды, сериалдарым экранға шығып, көрермен ықыласына бөленді, ғылыми және әдеби кітаптарым жарық көрді. Қазір сол салалы істерімнің кейбірі сәл саябыр тапқан шығар. Бірақ мен осы өнердің әрқайсысынан өзіме үлкен ләззат алдым. Бар күшімді, бойымдағы нәрді, ойымдағы қуатты соларға бердім.

Меніңше, адамның ғұмырының шын бағасы – артында не қалдырғанында. Ертең биологиялық өмірің аяқталып, рухани ғұмырың басталғанда, өзің жасаған дүниелер елдің қажетіне жарап жатса, одан артық бақыт жоқ. Сонда ғана тіршілікте тыраштанып, ізденіп өткен ғұмырыңның зая болмағанын сезінесің.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

Бифат ЕЛТАЕВА,

 Журналист

Ұқсас жаңалықтар

Қырғызстанда Олжас Сүлейменовке Нобель сыйлығын беру ұсынылды

Redaktor Shyn-Ar

Алматы жұртшылығы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

Ақын Темірхан Медетбек дүниеден өтті