Сенат отырысында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов қазақ тіліндегі сұрақтарды екі рет түсінбей, сұрақты қайта түсіндіруді сұрауға мәжбүр болды. Бұл жайт сенаторлар мен қатысушылардың назарын аударып, қоғамда да қызу пікір тудырды,– деп хабарлайды shyn-ar.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап.
Отырыста «Территориялық қорғаныс туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Камалетдиновке депутаттар түрлі сұрақтар қойды. Депутат Бекболат Орынбеков қазақ тілінде сұрақ қойғанда, министрдің орынбасары жауап беруге тырысқанымен, кейін сұрақтың мәнін толық түсінбегенін айтып, нақтылауды сұрады.
– Сұрақты нақтылап берсеңіз. Себебі толық ұқпадым, – деді ол.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сұрақтың мазмұнын түсіндіріп берді. Онда ерікті ретінде әскери қызметке тартылатын азаматтардың ішінде денсаулығында ауытқушылықтары бар адамдар болуы мүмкін екені және осы ретте Қорғаныс министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасын біріктіру мәселесі қаралып отырғаны айтылды. Сондай-ақ ерікті мен волонтер арасындағы айырмашылық туралы сұрақ қойылған еді.
Бұл сұраққа Камалетдинов нақты жауап беріп, қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын және еріктілердің әскери қызметші мәртебесіне ие болатынын айтты. Жарақат алған жағдайда, олар да әскери қызметшілермен тең дәрежеде өтемақы алатынын жеткізді.
«Мен мұнда аудармашы болып отырмын» – Сенат төрағасы
Келесі қазақша сұрақты депутат Бауыржан Қаниев қойған. Камалетдинов бұл жолы да сұрақты түсінбей:
– Мүмкін болса, сұрақты тағы да бір рет түсіндіріп берсеңіз, – деді.
Бұл сәтте Сенат төрағасы Әшімбаев әзілмен жауап берді:
– Мен мұнда аудармашы болып жұмыс істеп отырмын, – деп, жиналғандардың күлкісін тудырды.
Әшімбаев сұрақтың еріктілер жасағының қалай құрылатыны, олардың есебі жүргізіле ме, командирлері кім болады және оларды кім дайындайды дегенге қатысты екенін түсіндірді.
Камалетдинов бұл сұраққа: заң қабылданғаннан кейін тиісті нормативтік актілер әзірленетінін, еріктілерді есепке алу жоспарланбағанын, ал командирлер әскери тәжірибесі бар адамдар арасынан таңдалатынын айтты.
Бұл жағдай қоғамда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі туралы мәселені қайта көтерді. Қазақ тілінде қойылған сұрақтарға толық жауап бере алмауы – тілдік дайындықтың жеткіліксіздігін байқатты. Мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді еркін меңгеру талап етілетін қазіргі кезеңде мұндай жайттар жұртшылықтың ерекше назарын аударып отыр.