Шерзат Болат ісі бойынша сотталғандар жаңа рақымшылық заңы аясында босап шығуы мүмкін бе? Бұл өзекті сұраққа Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жауап берді.
– Бұл – қоғамда кең талқыланып жатқан резонансты іс. Алайда адам өліміне әкеп соққан қылмыс болғандықтан, мұндай істерге рақымшылық актісі қолданылмайды, – деді депутат.
Абзал Құспанның айтуынша, қылмыстық кодекстегі адам өліміне әкелген баптарға (тіпті абайсызда жасалса да) рақымшылық жүрмейді.
– Егер бұзақылық әрекет адам өлімімен аяқталса, оған да рақымшылық қолданылмайды, – деп нақтылады ол.
Сондай-ақ тілші тарапынан кәмелет жасына толмаған сотталушының жағдайы да қозғалды. Ол адам өліміне қатысы жоқ, тек қылмысты хабарламағаны үшін сотталған болатын.
– Бұл – Қылмыстық кодекстің 434-бабы. Мұндай бап бойынша сотталғандар рақымшылыққа ілінуі мүмкін. Заң жобасының 4-бабында рақымшылық қолданылмайтын нақты баптар көрсетілген, – деді депутат.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 адамға қатысты сот үкімі шықты. Мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай сот барысында: «Шерзат Болат – тірі болуға лайық еді», – деп мәлімдеді. Ол бұл іс қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызғанын да атап өтті.
Адвокат Жұмат Әбенов резонансты мәлімдеме жасап, халықты сабырға шақырды. Ол айыпталушы Абзал Шынасылдың шынайы адам екенін, алайда бір сәттік сенгіштігі өзіне кері әсер етіп, кінәні мойнына алғанын айтты. Тергеу нәтижесінде, дәл осы Абзал Шынасылдың соққысы Шерзаттың өліміне тікелей себеп болғаны анықталды.
9 маусымда осы іс бойынша сотталғандардың мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу мүмкіндігі туралы да сұрақ көтерілді. Бұл мәселеге жәбірленуші тараптың құқығын қорғаған адвокат Мейірман Шекеев жауап берген болатын.
Айта кетейік, Жоғарғы сот Шерзат Болат ісінің онлайн трансляциясын тоқтатқанын жариялады. Сот үкімі оқылған 5 маусым күні бүкіл процесс бойы тікелей эфир жүргізген түсірілім тобы үшін аса ауыр әрі эмоциялық күн болды. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз хатшысы Перизат Сәдуақас-Хайруллина мәлімдеді.