«Шын-Ар» ақпараттық порталы
Ақпарат

ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ЖАҢА КЕЛБЕТІ

Технологияның қарқынды дамуы, цифрлық медианың кеңеюі және жалған ақпараттың көбеюі журналистика саласына жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінде журналист болу үшін сауатты мәтін жазу жеткіліксіз. Болашақ мамандар ақпаратты сараптай білуі, цифрлық құралдарды еркін меңгеруі, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы және медиакеңістіктегі манипуляцияларды ажырата алуы қажет. Осы мәселелер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан халықаралық симпозиумда кеңінен талқылануда.

«Орталық Азиядағы азаматтық қоғамды дамыту жолындағы медиа білім беру мен ғылымның трансформациясы» атты халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Франция, Филиппин және Тайваньнан келген ғалымдар мен медиа саласының сарапшылары қатысуда. Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматыдағы ЮНЕСКО өңірлік бюросы және Азия медиа, ақпарат және коммуникация орталығы (AMIC) бірлесіп ұйымдастырды.

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университет ғылымының әлеуетін қоғам игілігіне бағыттаудың маңызын атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз – университеттің ғылыми әлеуетін елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, соның ішінде ақпараттық қоғам қалыптастыру мен медиасаланы жаңғыртуға тиімді пайдалану», – деді ол.

Журналистік білім беру жөніндегі Дүниежүзілік кеңестің басқарушы комитетінің төрағасы, Париж-Дофин университетіндегі Тәжірибелік журналистика институтының директоры Паскаль Гене қазіргі журналистика алдында тұрған халықаралық сын-қатерлерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі білім беру жүйесінде жалған ақпаратпен күресу, жасанды интеллектіні кәсіби этика талаптарына сай қолдану, баспасөз бостандығын қорғау және практикалық дағдыларды дамыту басым бағыттарға айналуы тиіс.

Ал AMIC бас хатшысы Рамон Р. Туазон журналистік білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының өзгерген талаптарына бейімдеу мәселесін көтерді. Ол оқу үдерісін тек теориялық білім берумен шектемей, нақты кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға бағыттау қажеттігін түсіндірді. Мұндай тәсілде білім беру бағдарламалары түлектің оқу орнын аяқтаған кезде қандай білім мен дағдыларды меңгеруі керектігіне қарай жасақталады.

Филиппин университетінің профессоры, «Media Asia» журналының бас редакторы Данило Арао Азия елдеріндегі журналистік білім берудің даму үрдістеріне шолу жасады. Ал ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры, Еуразиялық медиа және коммуникацияларды зерттеу орталығының директоры Қарлыға Мысаева Орталық Азиядағы журналистік білім берудің қазіргі жағдайына талдау жасап, 2025 жылы жүргізілген салыстырмалы зерттеудің нәтижелерін таныстырды.

Симпозиумның екінші күні қатысушылар журналистерге қажетті ортақ кәсіби құзыреттерді айқындау, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту және Орталық Азияда медиа, коммуникация және журналистік білім беру қауымдастығын (AMCJECA) құру мәселелерін талқылайды.

Халықаралық кездесудің қорытындысында өңір елдері арасындағы академиялық және кәсіби байланысты нығайту, медиа білім берудің сапасын арттыру және журналистика саласындағы оқу бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу көзделген.

Сарапшылардың пікір алмасуы көрсеткендей, болашақ журналистің басты артықшылығы тек технологияны меңгеруінде емес, ақпараттың ақ-қарасын ажыратып, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне білуінде. Сондықтан жаңа дәуірдегі журналистік білім берудің негізгі міндеті – цифрлық сауатты, сыни ойлайтын, кәсіби этиканы ұстанатын және шынайы ақпарат үшін жауап бере алатын мамандар даярлау.

Ұқсас жаңалықтар

Россия и США: мир в ожидании переговоров Путина и Трампа на Аляске

Алматыда мопед иелері жазаланып жатыр

Балабақшалардың қызметі 2027 жылдан бастап лицензияланады

shyn_ar_admin