«Шын-Ар» ақпараттық порталы
ӘлеуметБасты ақпаратэкономика

Айбар Олжай: «Magnum отандық өнімді ығыстырып, ресейлік тауарларды өткізуге бейіл»

Журналист, экономист Айбар Олжай Magnum сауда желісіне қатысты өзекті мәселені көтеріп, компанияның отандық өнім өндірушілерге қысым жасап отырғанын сынға алды.

Оның айтуынша, Алматыдағы «Жетісу» ықшам ауданындағы тұңғыш Magnum гипермаркетінде сөрелерден отандық өнімді табу қиынға соққан.

— «Сөрелерді бірнеше рет айналып шықтым, бірақ Алматыда өндірілетін ‘3 желание’ майонезін таба алмадым. Оны ресейлік ‘Макеев’ майонезімен ауыстырып қойған. Бұл — шектен шыққан жағдай», — деді Олжай.

Сарапшының сөзінше, бұл — оқшау жағдай емес. Бұған дейін де Magnum сөрелерінде отандық емес, ресейлік жарма мен сұйық май басым болған.

Мемлекеттік қолдау – ресейлік өнім үшін бе?

Олжай Magnum компаниясының мемлекеттен пайызсыз несие алатынын еске салды. Соңғы бес жылда тек Алматыда ғана 13 миллиард теңгеден астам көмек алғанын, ал жалпы көлемі 17-18 миллиардқа жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.

— «Magnum жекеменшік бизнес ретінде не сатамын десе де өзі біледі. Бірақ мемлекеттен арзан несие алып отырып, қазақстандық өнімді ығыстыру – логикаға сыймайды», — дейді сарапшы.

Ол Сауда министрлігінің шартсыз қаржыландыру саясатына да сын айтты:

— «Бүгінде мемлекеттік көмек тек азық-түлік бағасын өсірмеу талабымен беріледі. Бірақ өнім отандық болсын деген шарт жоқ. Нәтижесінде арзан сүт талап етіледі де, Magnum Беларустың сүтін сата береді», — деді Олжай.

Magnum-ның ішкі саясаты – өндірушілерге қысым

Қаржыгердің айтуынша, қазіргі таңда Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Magnum арасында белгілі бір деңгейде текетірес бар. Өйткені сауда желісі тауар өндірушілерден сөреде тұру үшін қосымша ақы талап етіп, табысының негізгі бөлігін осыдан табады.

-«Бұл әдіс – отандық өндірушілерге ауыр соққы. Олардың өнімдері сөреге жете алмайды, ал өндіріс көлемі азаяды. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына, жалақының өспеуіне, тұтыну сұранысының төмендеуіне әкеледі», — дейді Олжай.

Ресейлік импорт пен теңге бағамы

Сарапшының пікірінше, Magnum-ның ресейлік өнімдерге басымдық беруі ұлттық экономикаға да кері әсерін тигізуде.

— «Қазір Ресейден 1,9 миллиард доллардың азық-түлігін импорттап отырмыз. Бұл – теңгеге қысым. Ертең Ресейде инфляция үдей түссе, оның салқыны бізге де тиеді», — дейді ол.

Шешім қандай болуы тиіс?

Айбар Олжай мәселені шешудің екі жолын ұсынады:

1. Magnum-ға мемлекеттік қолдау мүлде тоқтатылуы керек – онда олар сөресін кіммен толтырса да, өз еркі;

2. Қаржылай қолдау жалғаса берсе, онда отандық өнімдерді ығыстыруға тыйым салу қажет.

— «Қазақстан – Орталық Азиядағы майонез державасы. ‘Еуразиан Фуд’ өнімдері Ауғанстаннан бастап Шығыс Еуропаға дейін сатылып жатыр. Осындай жағдай бола тұра, отандық майонезді ығыстыру – Magnum басшысы Азамат Османовқа үлкен сын», — деп түйіндеді сарапшы.

Ол алдағы жұма күні сол дүкенге тағы барып, жағдайдың өзгерген-өзгермегенін тексеретінін айтты. Егер нәтиже болмаса, бұл мәселені Мәжіліс деңгейінде көтеруге ниетті екенін жеткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Зеленский Ресеймен қарым-қатынасы нашарлаған Әзірбайжанға қолдау жасады

«Шегіртке – халал, бірақ мен оны жеңдер деп айтқан жоқпын» – Жұманғарин

Қазақстанда қыркүйектен бастап айыппұлдар қоғамдық жұмыстармен алмастырылады

Redaktor Shyn-Ar