Ауылға барған дәрігерлерге 8,5 миллион теңге төленуі тиіс еді. Бірақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өзі мойындағандай, кей өңірлер бұл қаражатты әлі бермеген. Үкімет отырысында сөйлеген министр бағдарламаның іске асып жатқанына қарамастан, орындалмаған уәделер бар екенін ашық айтты.
«Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген денсаулық сақтау мамандарына «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі», – деді Әлназарова.
2024 жылдан бастап енгізілген жаңа тәртіп бойынша, аса тапшы медициналық мамандық иелері ауылға барса, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде – 8,5 миллион теңге көлемінде бір реттік төлем алуы керек. Бұл – жас маман үшін ғана емес, бүкіл ауылдық денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды ынталандыру. Бірақ бұл жүйе кей облыстарда мүлде жұмыс істемей тұр.
«Бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған», – деп қосты министр.
Мамандар ауылға баруға дайын. Жергілікті билік те дәрігер жетіспейді деп дабыл қағады. Бірақ уәде етілген қаражатты нақты беру – әлі күнге дейін босаң механизмдер мен бюрократиялық бөгеттерге тіреліп отыр.
Министрдің айтуынша, медициналық қызметкерлердің мәртебесін арттыру үшін түрлі әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер қарастырылып жатыр. Алайда қағаздағы жақсы ниет нақты өңірлерде жүзеге аспаса, бұл жүйенің қауқарсыздығын көрсетеді.
Дәрігер бар, ақша жоқ. Бұл жағдай тағы да мемлекеттік бағдарламалар мен өңірлік басқарудың арасындағы сәйкессіздікті дәлелдеп тұр.