Қазақстанда жоғары әскери оқу орны — Қорғаныс ұлттық университеті енді «Қазақстан Республикасының Қорғаныс ұлттық университеті» деп аталатын болады. Бұл өзгеріс Үкіметтің «Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының ерекше мәртебесі туралы ережені бекіту туралы» қаулысына енгізілетін түзетулер аясында жүзеге асырылып отыр. Қаулы жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланып, 2025 жылғы 18 шілдеге дейін көпшілік талқылауына ұсынылды.
Аталған университет атауынан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі алынып тасталатыны туралы алғашқы ақпарат 2023 жылы белгілі болған еді. Бұл бастаманы Сенат депутаттары көтеріп, оған себеп ретінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшін жоюын алға тартқан.
Университет — еліміздегі маңызды жоғары әскери оқу орны. Мұнда Қазақстан Қарулы Күштері мен өзге де арнайы мемлекеттік органдар үшін офицерлік құрам дайындалады. Білім ордасы 2003 жылы сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған. Ал 2018 жылы оқу орнына Елбасының есімі берілген болатын.
Атауға қатысты өзгерістер тек қағаз жүзінде ғана емес, символикалық нысандарда да көрініс табуда. 2024 жылдың қаңтарында Астанадағы университет аумағынан Назарбаевтың ескерткіші алынып, оны Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайға көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл өзгеріс те Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, университет атауына қатысты жаңа саясатпен байланысты.
Соңғы жылдары ел аумағында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген нысандардың атауы кезең-кезеңімен өзгертіліп келеді. Мысалы, Астанадағы екі теміржол вокзалының атауы жаңартылды, ал Назарбаев қоры Алматы қаласындағы ғимаратын мемлекет меншігіне өткізді.