Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы Қазақстан аумағына Қытай нөмірімен кіретін көліктерден арнайы төлем алуды ұсынды. Оның айтуынша, екі ел арасындағы автотуризм қарқынды дамып келе жатқанымен, Қазақстан мен Қытай тараптарының талаптары тең емес.
Депутаттың сөзінше, Қытайға өз көлігімен барған қазақстандықтар бірқатар төлем жасап, көптеген құжат рәсімдеуге міндетті. Ал Қазақстанда Қытай азаматтарына қойылатын талаптар әлдеқайда жеңіл, әрі олардың қозғалысына бақылау жеткіліксіз жүргізіледі.
«Көптеген мемлекеттер мұндай рәсімдерді ресми табыс көзіне айналдырған. Егер Қазақстан да өзара теңдік қағидатын ұстанып, паритеттік тәсілді енгізсе, соңғы бір жыл төрт айдағы көрсеткіштер негізінде бюджетке және қызмет көрсетуші инфрақұрылымға шамамен 5 миллиард теңге көлемінде қосымша кіріс түсер еді. Сонымен қатар бұл қаражат шекара және кеден қызметтерінің шығындарын өтеуге, қауіпсіздік бақылауын күшейтуге мүмкіндік береді», – деді Болатбек Нәжіметдинұлы.
Мәжілісменнің мәліметінше, бүгінде Қытайға өз көлігімен барған Қазақстан азаматы шамамен 560 мың теңге төлеуге мәжбүр. Ал Қазақстанда шетелдік көліктер тек уақытша әкелу және кедендік рәсімдерден өтіп, ел аумағында тегін қозғала алады.
Депутаттың айтуынша, соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстанға Қытай нөмірімен 8 мыңнан астам көлік кірген. Алайда олардың жол қозғалысы ережелерін сақтау деңгейі мен бақылау тетіктері туралы нақты ақпарат жоқ.
