Ауғанстан, Вьетнам, Үндістан, Қытай, Нигерия, Пәкістан және Филиппин азаматтары Қазақстан бюджетінен зейнетақы алып отыр. Бұл туралы Жоғарғы аудит палатасының Үкіметтің 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебіне берген қорытындысында айтылды.
Аудиторлардың мәліметінше, бүгінде 17 мыңнан астам шетелдік азамат пен азаматтығы жоқ тұлға ұлттық бюджеттен әлеуметтік төлемдер алады. Соңғы төрт жыл ішінде мұндай төлемдерді 60 мыңға жуық адам алып, жалпы сомасы 21 миллиард теңгеге жеткен. Алайда олардың арасында қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер және елден кеткен азаматтар да бар.
Жоғарғы аудит палатасы мұндай жағдайлардың орын алуына мемлекеттік органдар арасындағы ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығының жеткіліксіздігі мен процестердің толық автоматтандырылмауы себеп болғанын атап өтті.
«Бұған алынған ақпаратты автоматтандырудың және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерімен интеграцияның болмауы әсер етті», – делінген құжатта.
Палата дерегіне сәйкес, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға төленетін зейнетақылардың жылдық көлемі 9 миллиард теңгеден асады. Оның ішінде 2818 шетелдік азамат әлемнің 47 елінде тұрады. Қазақстан бюджетінен зейнетақы алатындар арасында Қытайдың 1650 азаматы, Ауғанстанның 17 азаматы, Үндістанның бес азаматы, Пәкістанның үш азаматы, Нигерия мен Филиппиннің екі-екіден азаматы және Вьетнамның бір азаматы бар.
Сонымен қатар 920 азаматтығы жоқ адамның зейнетақысына жыл сайын шамамен 3 миллиард теңге бөлінеді.
Жоғарғы аудит палатасы Қазақстанның шетел азаматтарының өз елдерінде зейнетақы алып-алмайтынын және олардың қажетті еңбек өтілі бар-жоғын тексере алмайтынын мәлімдеді. Бұған тиісті халықаралық келісімдердің жоқтығы себеп. Нәтижесінде негізсіз төлемдер жасау қаупі туындайды.
Аудиторлар кейбір мемлекеттерде зейнетақы барлық азаматтарға бірдей қолжетімді емес екенін де атап өтті. Мысалы, Пәкістан мен Нигерияда зейнетақы негізінен мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге және мұнай саласының жұмысшыларына төленеді. Үндістанда бұл төлемдер мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлерге арналған. Қытайда зейнетақы жүйесі негізінен қала тұрғындарын, мемлекеттік қызметкерлерді және әскери қызметкерлерді қамтиды. Ал Вьетнам мен Филиппинде мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары және ірі кәсіпорындардың қызметкерлері зейнетақы алу құқығына ие.
Үкіметтегі брифинг барысында журналистер бұл мәселеге қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа сұрақ қойды. Министрдің айтуынша, жалпы сомасы 20,8 миллиард теңгені құрайтын төлемдер 67 мың шетелдік азаматқа тағайындалған. Оның ішінде 57 мың адам мемлекетке шамамен 13,5 миллиард теңгені қайтарған. Тағы 500 миллион теңге алушылардың қайтыс болуына байланысты сот шешімімен есептен шығарылған.
«Қазір “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы 4400 шетелдік азаматтан шамамен 6 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты өндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деді министр.
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, Қазақстан халықаралық міндеттемелеріне сәйкес, ел аумағында ресми түрде еңбек етіп, зейнеткерлік жасқа жеткен шетелдік азаматтарға зейнетақы төлеуге міндетті.
«Қазақстан халықаралық пактілерге қосылған. Осы құжаттарға сәйкес, елімізде заңды түрде жұмыс істеп, зейнет жасына жеткен шетелдік азаматтарға зейнетақы төленеді. Бұл қағида басқа мемлекеттерде жұмыс істеген қазақстандықтарға да қолданылады», – деді ол.
Министрлік мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда әкімдіктердің рұқсатымен 14 463 шетелдік азамат еңбек еткен. Шетелдік жұмыс күшін тартуға 1857 жұмыс беруші рұқсат алған. Бұл кәсіпорындарда 335 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істейді, яғни қызметкерлердің шамамен 96 пайызы – Қазақстан азаматтары. Ең көп шетелдік маман Қытайдан (5405 адам), Өзбекстаннан (2455 адам), Түркиядан (1042 адам) және Үндістаннан (1012 адам) келген.
