Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Ол Түрікменстанды Қазақстан үшін маңызды әрі сенімді серіктес, бауырлас мемлекет ретінде бағалайтынын жеткізді.
«Қос халықты шынайы достық, ортақ тарих және рухани-мәдени құндылықтар біріктіреді. Мызғымас іргетасы бар өзара қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестік рухында қарқынды дамуда. Екі ел арасында жоғары деңгейде саяси диалог қалыптасты. Сауда-экономикалық байланыстар жылдан-жылға нығайып келеді. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та жаңа серпін алуда. Біз аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне белсенді атсалысып келеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті және бауырлас түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығымен құттықтады.
«Бейтарап саясат ұстану Түрікменстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, елдің бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік қағидаттарына адалдығын айқын көрсетті», – деді Президент.
